Қазақстанның цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мадиев 2025 жылғы 9 қыркүйекте Үкімет отырысында елдегі интернет байланысын жақсарту жоспарлары туралы айтты, деп хабарлайды Zakon.kz тілшісі.
Министрдің айтуынша, шекаралық және кедендік бекеттерді интернетпен қамту бойынша жұмыстар жүргізіледі.
"Бүгінде елде 102 өткізу пункті жұмыс істейді. Олардың басым бөлігі байланыспен қамтамасыз етілген", – деді Мадиев.
Ұлттық жоба – "Қолжетімді интернет" аясында:
- 38 өткізу пунктіне талшықты-оптикалық байланыс желілері тартылады;
- барлық бекеттерді мемлекеттік органдардың Бірыңғай көлік желісіне қосу жоспарлануда;
- сондай-ақ камералардың бейнебақылау жүйесін Астанадағы Бірыңғай мониторинг орталығына шығару көзделген.
Қосымша ретінде қоғамдық Wi-Fi нүктелерін, оның ішінде спутниктік интернетті орналастыру жоспарланып отыр.
"2026 жылы 50 өткізу пунктін ұялы байланыспен қамтамасыз ету жоспарлануда. Бұл шекарадағы цифрлық инфрақұрылымды едәуір күшейтеді", – деді министр.
Қазір елімізде магистральдық және өңірлік талшықты-оптикалық желілер салынып жатыр, "соңғы миля" жобалары іске асырылуда, қалалар мен облыс орталықтарында 5G енгізілуде, халықаралық серіктестермен бірге спутниктік интернет жобалары қолға алынуда және Қазақстанның өңірлік цифрлық хаб ретіндегі рөлін нығайтатын транзиттік ВОЛС маршруттары жүзеге асырылуда.
Айта кетейік, кеше елімізде жаңа Жасанды интеллект министрлігі құрылатыны хабарланған еді.