Бұл туралы Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында айтты.
Ол Алатау қаласы Үкіметке бағынатын жаңа мәртебеге ие болатынын жеткізді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Енді Үкімет Жарлық жобасын 10 күн аралығында әзірлейді.
Президент сөзінше, Қытайға жасаған соңғы сапарында әлемдік деңгейдегі компаниялармен көпмиллиардтық келісімдерге қол қойылған. Соның бірі Alatau City жобасы болмақ. Жаңа қала Қытай шекарасына жақын орналасқандықтан, Қытай экономикасымен байланыс орнататын негізгі хабқа айналмақ.
– Келесі қадам – Alatau City үшін мықты институционалдық негіз қалыптастыру. Осы мақсатта 10 күн ішінде қалаға арнайы мәртебе беріп, оны Үкіметке тікелей бағындыратын Жарлық жобасын дайындау қажет, – деді Мемлекет басшысы.
Президент алдағы алты айдың аралығында қала басқару тәртібі, қаржылық модельдері және өзге де маңызды тетіктерді айқындайтын жеке заң қабылданатынын да айтып өтті.
– Арнайы құқықтық мәртебе – артықшылық емес, ол – міндетті шара әрі тиімді құрал. Онсыз бастамалар қағаз жүзінде қалып қою қаупі бар. Alatau City аймақтағы алғашқы толыққанды цифрлық қалаға айналуы тиіс. Мұнда Smart City технологиялары енгізіліп, тауар мен қызмет ақысын криптовалютамен төлеу мүмкіндігі қарастырылады. Жаңа қала Қазақстанның болашағының бейнесін айқын көрсетіп, заманауи технологиялар мен жайлы өмір сүру ортасын ұштастыруы қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.