Қазақстан ықпалды паспорттар рейтингісінде Әзербайжан, Қырғызстан мен Арменияны басып озды

Жаңалықтар

Қазақстандық паспорт әлемнің ең ықпалды паспорттарының тоқсандық рейтингісінде 61-орынды иеленді. Бұл рейтинг тұрғындардың визасыз саяхаттай алатын елдер санына негізделген, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Әлемдегі ең ықпалды паспорттарды анықтайтын Henley Passport Index рейтингінің жаңартылған нұсқасы шықты. Бұл тізім жыл сайын Халықаралық әуе көлігі қауымдастығының (IATA) деректеріне сүйене отырып жасалады. Индекс 227 мемлекеттің 199 паспортын визасыз саяхаттау мүмкіндігі бойынша тізіп, тоқсан сайын жаңартып тұрады.

Жаңартылған рейтингте Қазақстан 61-орын иеленді. Қазақстандықтар визасыз 79 елге бара алады. Рейтингтің көш басында Сингапур елі (193 мемлекет) тұр. Үздік үштікке Жапония мен Оңтүстік Корея (190 ел) кірген.

Қазақстан Орталық Азияның Қырғызстан (71-орында), Өзбекстан(72-орында), Тәжікстан (78-орында) мен Түркменстан (84-орында) секілді елдерін басып озған.

Сонымен қатар Қазақстан Әзербайжан (66), Армения (69) және Моңғолиядан (70) да жоғары орналасқан. Тізімнің ең соңғы орындары Ауғанстан, Ирак және Сирияға берілді.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз