Еуропалық олимпиадада қазақстандық оқушылар төрт жүлде иеленді

Жаңалықтар

Барлығы 52 медаль сарапқа салынды .

Болгарияның Шумен қаласында IX Еуропалық жасөспірімдер информатика олимпиадасы (EJOI-2025) мәресіне жетті. Байқауға 24 елден 100-ден астам жас бағдарламашы қатысты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Қазақстан құрамасы жоғары нәтиже көрсетті – команданың барлық төрт мүшесі жүлдеге ие болды. Атап айтқанда, оқушылар қоржынын бір күміс және үш қола медальмен толықтырды.

* Күміс медаль – Құрмет Әбілмансұр, Атырау облыстық "Білім-Инновация" лицейінің 9-сынып оқушысы.

* Қола медаль – Шаймерден Нұрәлі, Көкшетау қаласындағы "Білім-Инновация" лицейінің 9-сынып оқушысы;

* Қола медаль – Юсупов Саят, Өскемен қаласындағы "Білім-Инновация" лицейінің 9-сынып оқушысы;

* Қола медаль – Мұғжан Дінмұхаммед, Көкшетау қаласындағы "Білім-Инновация" лицейінің 9-сынып оқушысы.

Команданы тәжірибелі тәлімгерлер дайындады:

* Әлімжан Аманов, PhD, Қазақ-Британ техникалық университетінің ассистент-профессоры;

* Батыр Сардарбеков, республикалық және халықаралық олимпиадалардың жеңімпазы, спорттық бағдарламалау чемпионы.

EJOI-2025 қорытындылары қазақстандық оқушылардың жоғары дайындық деңгейін және отандық бағдарламалау мектебінің халықаралық аренадағы бәсекеге қабілеттілігін тағы бір мәрте дәлелдеді.