Алматыда тұрғын үй кешендерінің біріне ауқымды тексеру жүргізіліп, 1000-ға жуық құқық бұзушылық анықталды

Жаңалықтар

Алматыда "Манхэттен" тұрғын үй кешенінде ауқымды тексеру жүргізіліп, 1000-ға жуық құқық бұзушылық анықталды, деп хабарлайды қалалық прокуратураға сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.

"Алматы қаласы прокуратурасының бастамасымен екі ай ішінде өкілетті органдармен бірлесіп қоғамдық тәртіпті бірнеше рет бұзған "Манхэттен" тұрғын үй кешенінде кешенді рейдтік іс-шаралар өткізілді.

Жұмыс барысында меншік иелерінің жұмыс орны, байланыс деректері, тіркелген қарудың болуы, түрлі құқық бұзушылықтар үшін жауаптылыққа тарту фактілері туралы сауалнамалық мәліметтері, сондай-ақ тұрғын үйді жалға беру туралы ақпаратты қамтитын әрбір пәтер бойынша деректер базасы қалыптастырылды", — делінген хабарламада.

Тексеру барысында 1000-ға жуық құқық бұзушылық анықталған. Олардың ішінде:

  • көші-қон заңнамасын бұзудың 120 фактісі;
  • қоғамдық тәртіпті бұзудың 98 фактісі;
  • заңсыз жалға алудың 114 фактісі;
  • жыныстық қызмет көрсету үшін пайдаланылған 22 пәтер;
  • жол қозғалысы ережелерін бұзудың 567 фактісі;
  • алкоголь өнімін заңсыз сатудың 7 фактісі тіркелген.

Хабарламада прокуратура, полиция және мемлекеттік органдардың ауқымды жұмысы, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, құқықтық тәртіпті жақсартуға және мегаполис тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға бағытталғаны айтылған.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз