Дияр Нұрғожай UFC-де дебют жасамақ

Жаңалықтар

Жеңіліп көрмеген, жартылай ауыр салмақта өнер көрсететін ережесіз жекпе-жек шебері Дияр Нұрғожай (10-0) АҚШ-тың Невада штатындағы Лас-Вегас қаласына ұшып келді. Ол мұнда UFC-дегі дебюттік жекпе-жегін өткізеді.

27 жастағы Нұрғожай 15-16 наурыз күндері өтетін UFC Fight Night 254 турнирінде өнер көрсетеді. Оның қарсыласы – бразилиялық Брендсон Рибейро (16-7).

Қазақстандық аралас жекпе-жек (ММА) шебері Дияр Нұрғожай соңғы жылдары өзінің кәсіби мансабында айтарлықтай жетістіктерге жетіп, әлемдік деңгейдегі ұйымдардың назарын аударды. Ол 2024 жылдың қазан айында Дана Уайттың Үміткерлер сериясында (DWCS) жарқын жеңіске жетіп, UFC-мен келісімшартқа қол жеткізді. Ал Рибейро осыдан 1,5 жыл бұрын UFC президентінен келісімшарт алған. Бірақ содан бері екі рет жеңіліп, бір рет жеңіске жетті. Сондықтан бұл жекпе-жекте жеңіліс тапқан жағдайда, ол UFC-ден шығып қалуы мүмкін.

Айта кетейік, 2020 жылдың желтоқсанынан 2022 жылдың тамызына дейін Нұрғожай Хабиб Нурмагомедовтың Eagle FC лигасында өнер көрсетіп, жартылай ауыр салмақта чемпион атанды. Осы кезеңде ол екі рет қазақстандық көрермендер алдында — Алматы мен Астанада өнер көрсетті. Осыдан кейін Дияр бір жарым жыл үзіліс алып, 2024 жылдың мамырында UAE Warriors промоушенінде қайтадан мансабын жалғады. Кәсіби аренада Нұрғожай барлық он жекпе-жегінде де жеңіске жетті.