"Қайрат" – "Реал" матчы: қазақстандық футбол клубы билет сатылымына қатысты мәлімдеме жасады

Жаңалықтар

"Қайрат" футбол клубы ғаламторда тарап жатқан "Реалмен" матчқа билет сатылымы туралы ақпаратқа қатысты ресми мәлімдеме жасады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

ФК әлеуметтік желілерде таралып жатқан "Қайрат" — "Реал Мадрид" УЕФА Чемпиондар лигасы матчының билетін сату немесе алдын ала броньдау жайлы ақпарат — шындыққа жанаспайтын, жаңсақ хабарлама екенін хабарлады.

"Билетке қатысты жалғыз ресми дереккөздер — клубтың ресми сайты мен «Қайрат» ФК-ның әлеуметтік желідегі ресми парақшалары.

Қазіргі уақытта билеттің сатылымға шығу күні мен бағасы бекітілген жоқ. Жанкүйерлерден бөгде хабарландыруларға сенбеулерін және билетті бейресми арналар арқылы сатып алмауларын қатаң түрде сұраймыз", — деді клуб өкілдері.

Еске салсақ, бұған дейін "Қайрат" пен "Реал Мадрид" арасындағы кездесу 30 қыркүйекте Алматыда өтетіні хабарланған болатын. Матч қаланың Орталық стадионында, Еуропа уақыты бойынша 18:45-те (жергілікті уақыт бойынша 21:45) басталатыны белгілі болды.

Сондай-ақ, "Қайрат" пен "Реалдың" сайттарында ресми сатылым басталғаны әзірге жарияланбағаны, бірақ кейбір агрегаторларда ақпарат пайда болып жатқаны хабарланды.

Кейінірек қазақстандық "Қайрат" пен мадридтік "Реал" арасындағы алдағы матчтың егжей-тегжейлері белгілі болды: билеттерді қалай және қайдан сатып алуға болатыны және олардың құны қанша болатыны туралы ақпарат пайда болды.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз