Бұл мәселені шешуге "Атамекен" кәсіпкерлер палатасы кірісті .
Павлодар облысында азық-түлік өнеркәсібі саласындағы кәсіпорындардың жұмысын ілгерілетіп, шаруаны ширатуы үшін мамандардың тапшылығы кері әсер етіп отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Қайта өңдеушілер қауымдастығының төрағасы, жергілікті ұн тарту кәсіпорнының басшысы Жанар Серімова бұған дейін сала мамандар тапшылығы барын алға тартып, бірнеше рет дабыл қаққан еді. Өндірістің көлемін арттырып, сапалы өнім дайындау үшін салалық білім алған жұмысшылар ауадай қажет-ақ. Кәсіпкердің бұл тілегіне өңірлік "Атамекен" кәсіпкерлер палатасы құлақ түріп, таяуда палата басшылығы, қаладағы өңдеу орындары мен Павлодар технологиялық колледжі жетекшілері үшжақты меморандум жасады. Соған сәйкес, енді өңірде азық-түлік өнеркәсібіне керек мамандар оқытылатын болды. Колледж басшысы Ренат Дүйсекеновтің айтуынша, техникалық-кәсіптік оқу орны элеватор, ұн тарту, жарма, құрама жер өндірісі мен нан пісіру ісіне қажет жұмысшыларды оқыта алады. Ол үшін "Ертіс Көмек" қоры арқылы оқу процесіне керек құрал-жабдықтарды сатып алу мәселесі де пысықталуда.
"Аталмыш меморандум Павлодар қаласының кәсіпорындарымен бірге наубайхана, кондитерлік іс, ұн тарту кәсібі салаларында жұмысшылардың аздығы мәселесін шешуге көмектеседі. Бүгінде бизнестің өзі де кадрлық саясатты реттеу керек екенін жақсы түсінеді. Сондықтан да бастама көтеріп, өздеріне қажет мамандарды дайындау бойынша ұсыныс жасады. Өз кезегінде палата, колледж мен осы оқу орны бірнеше жылдан бері әріптестік байланыс орнатып келе жатқан кәсіпорындар өзара келісімге келді", — дейді Өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Ерқанат Әбенов.
Қайта өңдеушілер қауымдастығының төрағасы Жанар Серімова колледжде ашылатын мамандықтар жоғары сұранысқа ие екенін тілге тиек етті. Сол себепті олардың барлығы толығымен тұрақты жұмыспен қамтылатын болады. Тіпті, оқу барысы кезінде кәсіпорындар студенттерді тәжірибеден өту үшін қабылдауға дайын.
Бұл аралықта технологиялық колледж басшылығы тиісті білім беру лицензиясын алуға кірісіп кетті. Бұл мәселе шамамен екі ай уақытта шешілуі тиіс. Кейін, жоспар бойынша, қыркүйек айында жаңа мамандықтар аясында студенттерді қабылдау басталады.