"Ұрып-соққанын видеоға түсірген": Маңғыстауда 12 жастағы қыздың ата-анасы жауапқа тартылды

Жаңалықтар

Маңғыстау облысында баланы тәрбиелеу жөніндегі міндетін орындамаған ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ облыстық соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Облыстық соттың баспасөз қызметінің мәліметінше, жауапқа тартылған азамат 12 жастағы қызын тәрбиелеуге қатысты ата-аналық міндетін орындамаған, соның салдарынан қызы кішкентай баланы ұрып-соғып, видеоға түсірген.

"Қызы М. кәмелетке толмаған баланы ұрып-соғып, бейнежазбаға түсіріп, қылмыстық құқық бұзушылық белгілері бар қасақана іс-әрекет жасаған. Сот отырысында азамат С. кінәсін толық мойындап, әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамамен келісті", — деп жазылған хабарламада.

Сот айыпталушының кінәсін мойындауын, шын жүректен өкінуін жазаны жеңілдететін мән-жай ретінде қарастырды. Ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.

С. Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 127-бабының 3-бөілігінде көзделген құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған 78 640 теңге әкімшілік айыппұл түріндегі жаза кесілді. Қаулы заңды күшіне енді.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз