Алматыда арнайы операция өткізілді: 29 адам күдікті

Жаңалықтар

Алматы қаласының полицейлері интернет алаяқтықпен айналысқан екі кеңсенің әрекетін әшкереледі, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Жедел іздестіру іс-шаралары барысында шетелдік азамат басшылық еткен Call орталық анықталды. Алаяқтар Оңтүстік Азия елдеріндегі банк шоттарында бұғатталған қаражатты шешіп алуға көмектесеміз деген жалған уәде беріп, азаматтарды алдаған.

"Call орталық қызметкерлерінің негізгі міндеті кураторлардың нұсқауымен дроп шоттарға түскен қаражатты бақылау және оларды басқа шоттарға аудару болды. Бұл қаражат әртүрлі төлем жүйелері арқылы таратылып отырған. Сондай-ақ, кеңселерді тінту кезінде ақшалай операцияларды өңдеу мақсатында қолданылған 100-ден аса жүйелік блок тәркіленді. Алматы халықаралық әуежайында осы қылмыстық іске қатысы бар тағы бір адам елден қашпақ болған сәтінде ұсталды", — деп мәлімдеді Алматы қалалық ПД Киберқылмысқа қарсы күрес басқармасының бастығы Анес Қалдыбаев.

Тергеу барысында кеңсе қызметкерлері бұл жұмысты интернет арқылы тапқаны белгілі болды. Оларды сұхбаттасу кезеңінен бастап оқытуға дейін кеңсе меңгерушілері ұйымдастырған. Жаңа қызметкерлерге тапсырмалар беріліп, олардың негізгі міндеті P2P төлемдеріне байланысты қаражатты өңдеу екені түсіндірілген.

Қызметкерлерге жеке ұялы телефон пайдалануға тыйым салынған және құпиялық қатаң сақталған.

Үш адам қамауға алынып, тағы 26 күдіктіге қатысты тергеу жүргізіліп жатыр.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!