Елена Рыбакина US Open турнирінің үшінші айналымына жолдама алды

Жаңалықтар

Қазақстанның бірінші, әлемнің 10-ракеткасы Елена Рыбакина АҚШ ашық чемпионатының үшінші айналымына шықты, деп хабарлайды Zakon.kz.

Қазақстандық теннисші екінші кездесуін дүниежүзілік рейтингіде 96-орында тұрған чехиялық, 18 жастағы Тереза Валентовамен өткізді.

Бірінші партияда Рыбакина 6:3 есебімен басымдылық танытты. Тартысты өрбіген екінші сетті Елена жеңіспен түйіндеді – 7:6 (9:7). Бір сағат 41 минутқа созылған бәсеке барысында Рыбакина 4 эйспен бірге 7 брейк-пойнттың төртеуін өз есебіне жазды.

Елена Рыбакина төртінші айналымға шығу үшін әлемнің 36-ракеткасы, 2021 жылғы АҚШ чемпионы, 22 жастағы ұлыбританиялық Эмма Радуканумен ойнайды.