Елдің 71% аумағында қар жатыр

Жаңалықтар

Тасқын қаупі жоғары өңірлердің қатарында Ақтөбе, Қостанай, Қарағанды, Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстары бар, деп хабарлайды 24kz.

Сондай-ақ Шығыс Қазақстан, Ұлытау және Абай өңірлерінде де қарғын судың қатері жоғары. Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар министрі Үкімет отырысында баяндады.

Ерлан Нысанбаев ел аумағының 71%-інде қар жатқанын хабарлады. Дегенмен, бұл өткен аптаға қарағанда 15%-ке аз. Күнгейдегі Қызылорда, Түркістан және Жамбыл облыстарында қар еріп жатыр. Батыс өңірлерде де жердің тоңы жіби түскен.

«Наурызда ауа температура көтеріліп, жауын-шашын көп түссе, таудағы қар еріп, өзендер арнасынан тасуы мүмкін», — дейді Экология министрі. Орталық, солтүстік және шығыс аймақтарда қалың қар жатыр. Оған қоса, наурызда жауын-шашын мөлшері айлық нормадан көп түседі деген болжам бар. Мысалы, Астанада бірінші онкүндіктің өзінде айлық жауын-шашын мөлшері түскен. Үкімет басшысы әкімдерге жағдайды қатаң бақылауды тапсырды. Сонымен бірге орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың жұмысын үйлестіруді жүктеді.