Қырғызстанда италиялық альпинист Наталья Наговицынаны құтқармақ болып қаза тапты

Жаңалықтар

Ол қатты тоңып, миы ісіну салдарынан көз жұмды , деп жазады inbusiness.kz сайты.

Қырғызстандағы “Жеңіс” шыңында қалып қойған ресейлік альпинист Наталья Наговицынаны құтқаруға тырысқан италиялық альпинист Лука Синигалья қаза тапты.

“РенТВ” мәліметінше, Лука Наталья және тағы екі альпиниспен бірге “Жеңіс” шыңын бағындыруға шыққан. Бұған дейін, төрт жыл бұрын, Натальяның күйеуі Сергей Хан-Тәңір шыңында инсульттен қаза тапқанда да Лука оған көмектесіп, әйелді базалық лагерьге жеткізген. Содан бері олар байланысын үзбей, түрлі шыңдарда кездесіп жүрген.

12 тамызда Наталья аяғын сындырып алған соң, Лука неміс альпинисті Гюнтер Зигмундпен бірге оған азық-түлік жеткізуге аттанған. Алайда жолда Лука бір қолғабын жоғалтып, үсікке шалынды. Бірнеше сағаттың ішінде оның қолы жансызданып, ары қарай жүре алмай қалды.

Жолдастары оны шамамен 6 900 метр биіктікте қарлы үңгірге қалдырғанымен, жағдайы күрт нашарлаған. 15 тамызға қараған түні миы қатты ісініп, есінен танып, тіпті жардан секірмек болған сәттері де болған. Бір күннен кейін ол қайтыс болды. Қар көшкіні үңгірдің кіреберісін басып қалып, денесі тауда қалды.

Сәл жоғарырақ, 7 140 метр биіктікте Наталья Наговицына да шатырда жалғыз қалған. Алдын ала деректер бойынша, ол 12 күндей суықта болған, бірақ құтқару мүмкін болмады. Дрон оның соңғы әлсіз қимылын 19 тамызда тіркеп, кейін байланыс үзілген.

Құтқару жұмыстары аяқталды. Маусым жабылғандықтан, іздестіру келесі көктемге дейін мүмкін емес. Бұл қайғылы оқиға өңірдегі альпинизм тарихындағы ең ауыр жағдайлардың бірі болды – екі адамның өмірін қиды, әрі олардың денелері ұзақ уақыт бойы қар астында қалмақ.