"Әлемдегі ең сүйкімді судья" қатерлі ісіктен көз жұмды

Жаңалықтар

"Әлемдегі ең сүйкімді судья" атанған Фрэнк Каприо қатерлі ісік ауруынан қайтыс болды. Ол 88 жаста еді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ судьяның Facebook желісіндегі парақшасына сілтеме жасап.

Қаралы хабарды оның ұлы бейнежазба арқылы жеткізді. Оның сөзінше, әкесі жақындарының ортасында, тыныш қана өмірден өтті.

Судья Каприо соңғы жылдары ұйқы безінің қатерлі ісігімен күресіп келді.

"Жанашырлығы, кішіпейілділігі және адамдардың мейірімділігіне деген мызғымас сенімінің арқасында бүкіл әлемге сүйікті судья атанған Каприо сот залындағы жұмысы арқылы және адамгершіліктің үлгісін көрсету арқылы миллиондаған адамның өміріне әсер етті.

"Оның жылулығы, әзіл-қалжыңы мен мейірімділігі оны танитын және оның сөзін тыңдау мәртебесіне ие болған әр адамға әсер қалдырды. Ол құрметті судья ретінде ғана емес, сонымен қатар сүйікті жар, әке, ата, баба және дос ретінде де есте қалады. Оны еске алып тұру үшін бәріміз өмірімізді жанашырлықпен, мейірімділікпен өткізуге тырысайық", — делінген Каприоның жақындарының мәлімдемесінде.

РБК мәліметінше, көпшілік АҚШ-тың Род-Айленд штатындағы Провиденс қаласының судьясын "Провиденсте ұсталғандар" телехикаясынан біледі, сериал фрагменттері әлеуметтік желілерде, соның ішінде 1,6 млн жазылушысы болған Каприоның TikTok-тағы аккаунты арқылы тараған.

Каприо сот залында әрдайым адамдарға жанашырлық танытқаны және адамдарға жұмсақ болғаны үшін "әлемдегі ең сүйкімді судья" деген атқа ие болды.

Фрэнк Каприо 1985 жылдан 2023 жылға дейін муниципалды судья қызметін атқарған.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз