Елорданың MEGA Silk Way сауда орталығында Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің 105 жылдығына арналған фотокөрме ашылды, деп хабарлайды Zakon .kz.
Көрмеде 1930 жылдардан бүгінгі күнге дейінгі қоғам мен мемлекет өмірінен сыр шертетін маңызды оқиғалар жайлы агенттік тілшілерінің бірегей фотомұрағаты, эксклюзивті фотосуреттері ұсынылған. Кей кадрлар бұрын-соңды еш жерде жарияланбаған. Олар ел тарихындағы бетбұрыс кезеңдерінің құнды ескерткіші саналады.
Көрме алты бөлімнен тұрады:
- 1928-1959 жылдардағы Қазақстан және Екінші дүниежүзілік соғыс кезі;
- 1960-1985 жылдардағы ірі құрылыс жобалары,
- қалалар мен өңірлердің экономикалық дамуы;
- Алматы мен Астананың соңғы 40 жылдағы шежіресі;
- жеке блок әлеуметтік-мәдени қайта құруларға арналған.
Сондай-ақ мемлекеттің дамуына үлес қосқан көрнекті қазақстандықтардың портреттерін тамашалауға болады.
"Экспозицияда ұжымдастыру мен индустрияландырудың, екінші дүниежүзілік соғыстың тауқыметін бастан кешірген, соғыстан кейінгі кезеңде өмір сүрген, тың жерлерді игерген, "ғасыр құрылысына" қатысқан, тәуелсіздік таңын атырған қазақстандықтардың өмірі көрсетіледі", — деп түсіндірді Kazinform агенттігінің басқарушы директоры Нағашыбек Алдан.
Көрмеге барлығы 188 фотосурет қойылған. Фотокөрме 31 тамызға дейін жалғасады.