Уақыт белдеуінің өзгеруі халық өміріне теріс әсер етпеді – Арман Шаққалиев

Жаңалықтар

Нақты деректерге негізделген зерттеудің нәтижесі белгілі болды.

Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев бірыңғай уақыт белдеуіне қатысты жүргізілген монииторингтің қорытындысын айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Мәжілістің "AMANAT" фракциясында бірыңғай уақыт мәселесін талқылау қорытындысы бойынша медицина, нейроғылым, биофизика, генетика, астрофизика, физиология салаларындағы ғылыми-зерттеу институттары, салалық сарапшыларды, барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары және мүдделі тұлғалардың қатысуымен, бірыңғай уақыт белдеуінің халық денсаулығына, энергия тұтыну және еңбек өнімділігінің әсеріне мониторинг жүргізілді. Жұмыс барысында деректерді зерттеу, сауалнама нәтижелері мен уақыт белдеуі өзгеруіне дейінгі және одан кейінгі көрсеткіштерді салыстыратын кешенді тәсіл қолданылды. 40-тан астам метрика мен көрсеткіштерді қамтитын уақыт белдеуінің өзгеруі халықтың денсаулығына, энергия тұтынуға, еңбек тиімділігіне, оқушылардың үлгеріміне, жол көлік оқиғалары көрсеткішіне, қылмысқа және басқа аспектілерге әсерін бағалау бойынша зерттеу әдістемесі бекітілді", — деді министр Үкімет отырысында.

Сөзінше, денсаулық сақтау бағыты бойынша халықтың жас шамасына қарай бөлінген топтарын және қала мен ауыл тұрғындарын қамтитын талдау жүргізілді.

Энергия тұтыну бойынша ең жоғары жүктемелердің әсерін бағалау және еліміз бойынша көп пәтерлі тұрғын үйлерде электр энергиясын тұтынудағы статистикалық салыстыру жұмыстары жүргізілді. Еңбек қызметі бойынша да талдау жұмыстары жүргізілді.

"Нақты деректерге негізделген нәтижелер уақыт белдеуінің өзгеруі халық өмірінің негізгі көрсеткіштеріне теріс әсері болмағанын айқындайды. Сонымен қатар, өңірлерде талқылау барысында мәслихат депутаттары жұмыс кестелерін ауыстыру арқылы жұмыс уақытын оңтайландыру жөніндегі бастаманы қолдады. Бүгінгі таңда Шығыс Қазақстан облысының бірқатар аудандарында (Катонқарағай, Марқакөл, Үлкен Нарын, Зайсан, Тарбағатай, Самара, Күршім) тұрғындар тарапынан қолдау тауып, жұмыс кестесі таңғы сегізден кешкі бес жарымға дейін өзгертілді", — деді Арман Шаққалиев.

Министр қажет болған жағдайда, осындай тәжірибені жергілікті атқарушы органдардың басқа өңірлерде де қолдануға мүмкіндігі бар екенін айтты.