Ел аумағының 71 пайызын қар жамылған.
Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев тасқын қаупі жоғары аймақтарды атады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Үкімет отырысы күн тәртібінен тыс мәселелерден басталды.
"Еліміздің бірқатар өңірлерінде қар күрт ери бастады. Солтүстікте әлі боран соғып тұр. Сондықтан көктемгі су тасқынына дайын болуымыз керек. Алдағы ауа райының болжамы туралы Ерлан Нысанбаев баяндайды", — деді Премьер-министр Олжас Бектенов.
Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаевтың сөзінше, ел аумағының 71 пайызын қар жамылған.
"Бұл өткен аптаға салыстырғанда 15 процентке аз. Еліміздің оңтүстігіндегі Қызылорда, Түркістан, Жамбыл облыстарында, батысындағы Батыс Қазақстан, Атырау, Маңғыстау облыстарында қар еріп жатыр. Наурыз айында температураның көтерілуімен жаңбыр түріндегі қатты жауын-шашын болған жағдайда тау өзендерінде еріген қар суының әсерінен жоғары тасқын жүруі мүмкін. Орталық, солтүстік және шығыс аймақтарда қар жиналу үрдісі жалғасып жатыр. Наурыз айында жауын-шашын мөлшері айлық нормадан екі және одан да көп түсуі күтілуде. Мысалы, Астанада айлық жауын-шашын мөлшері бірінші онкүндікте ғана түсіп үлгерді. Наурыз және сәуір айлары әдеттегіден жылырақ болады деп күтілуде. Сондай-ақ еліміздің басым бөлігінде жауын-шашын мол болады", — деді министр.
Ведомство басшысы бұл көктемнің тез келуіне және су тасқыны қаупінің артуына ықпал етеді деп айтты.
Су тасқыны қаупі жоғары аймақтар – Ақтөбе, Қостанай, Ұлытау, Абай, Қарағанды, Ақмола, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстары. Қауіптілігі орташа аймақтар – Алматы, Жетісу, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Атырау облыстары. Тасқын қаупі төмен өңірлер – Павлодар, Маңғыстау, Түркістан және Қызылорда облыстары.
"Биыл "Қазгидромет" алғаш рет әр облыс бойынша егжей-тегжейлі анықтамалар дайындалды. Бұл анықтамаларда гидрологиялық бекеттер бойынша су деңгейінің және ағысының күтілетін ең жоғарғы мәндері, ағын көлемі, сондай-ақ қауіп аймағында орналасқан елдімекендерді белгілей отырып, болжамды басталу күндері күтіледі. Өткен аптадан бастап гидромет апта сайынғы гидрологиялық болжамдарды шығара бастады", — деді Ерлан Нысанбаев.