Семей қаласында ашылған жаңа инклюзивті кітапхана жылына 15 мыңнан астам адамды қабылдай алады. «Самұрық-Қазына» қоры бұл нысанды ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай Абай облысының тұрғындары үшін тарту етті.
Жобаны қаржыландыруға «Samruk-Kazyna Trust» қайырымдылық қоры 410 миллион теңге бөлді. Аталған мәдени-әлеуметтік орталық өңірлердегі ең ірі және заманауи инклюзивті кеңістік болмақ.
Кітапхана ғимараты – екі қабаттан тұрады, жалпы аумағы – 852 шаршы метр. Мұнда көру қабілеті төмен жандарға арналған арнайы бөлімдер бар, мысалы: коворкинг-аймақ, тифлология кабинеті – арнайы қосымшалар арқылы смартфонмен және компьютермен жұмыс істеуді үйретеді, брайль кабинеті – Брайль жүйесімен оқу-жазуға және тактильді таяқшамен қозғалу дағдыларына үйретеді, аудиокітаптар қоры (қазақ және орыс тілдерінде), іс-шаралар залы мен демалыс аймағы қарастырылған. Сонымен қатар ғимарат ішінде зағип және көру қабілеті төмен азаматтардың барлық залға еш кедергісіз еркін кіріп-шығуы үшін арнайы тұтқа орнатылған.
Келешекте кітапхана қорын электронды каталогке көшіру жоспарланып отыр. Оқырмандар үшін мұнда 40 мың бірегей кітап бар.
«Кейінгі бес жылда қор Абай облысында білім, спорт және әлеуметтік осал топтарды қолдау бағытында жалпы құны 2,5 млрд теңге болатын 14 жобаны жүзеге асырды. Қазіргі таңда Семейдің Үшақтар шағын ауданында 900 млн теңгеге үстел теннисі орталығын салу жоспарланып отыр. Бұл нысанда 3 900-ге жуық адам спортпен шұғылдана алады. Бұл – қор тобының өңірлік инфрақұрылымды дамыту және әлеуметтік қолдауды кеңейтуге бағытталған бастамаларының бірі», деді «Самұрық-Қазына» АҚ басқарушы директоры Ғибрат Ауғанов.
Айта кетейік, бұған дейін «Samruk-Kazyna Trust» қолдауымен Семейдегі Абай атындағы кітапхана қайта жөнделіп, көру қабілеті шектеулі азаматтарға арналған арнайы кітапхана жабдықталған еді. Бұл бастамалар өңір тұрғындары үшін инклюзивті орта қалыптастырып, ақпаратқа қолжетімділікті арттырады.
Бүгінде Семейде шамамен 1000-ға жуық зағип және көру қабілеті төмен азамат тұрады, ал республика бойынша олардың саны 90 мыңнан асады.
2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында «Samruk-Kazyna Trust» жалпы сомасы 6 млрд теңгеге 21 жаңа жобаны іске асырды. Бүгінде қордың қолдауымен елімізде 46 оңалту орталығы мен 15 инклюзияны қолдау кабинеті тиімді жұмыс істеп тұр.
200 мыңға жуық адамға қайырымдылық көмек көрсетіліп, 168 адам тұрақты жұмысқа орналастырылды. Ал 2024 жылы қор 36,6 млрд теңгеге 41 жобаны жүзеге асырып, 700 мың отандасымызға көмек көрсетті.
Меруерт Шукуева