Астанада мерекелік демалыс күндері толассыз жауған қар коммуналдық қызметтерді әбігерге салды.
Әсіресе бүгін ақтүтек бораннан қала ішіндегі қозғалыс қиындаған. Қала әкімдігінің хабарлауынша, қар тазалау жұмысына наурыздың 10 күні таңнан 2600-ге жуық жол қызметшісі мен 1645 техника жұмылдырылды.
Кешелі бері тоқтаусыз соққан ақтүтектен шаһар сырты тұрмақ, Астана ішіндегі жолды көру қиындады. Кеше түнге қарай коммуналдық қызметтер 38 500 текше метрден астам қар шығарды. Яғни жүк көліктері полигонға 3 мыңнан астам рейс жасаған. Соның өзінде таңмен таласа, жолды күреп әлек. Бүгін 2600 жұмыскер жолға шығып, 1,5 мыңнан астам көлікке қар тиеуге кіріскен. Жолды қардан тазартуға жұмылғандардың бірі — Виктор Кушнар. Ол сағат 08:00-ден қала сыртындағы айналма жолды күреуге шыққан.
Виктор Кушнар, жол қызметшісі:
- Бүгін үзіліссіз жұмыс істедік. Түскі ас ішуге шама болмады. 10 камазға қар тиедік. Қар үйіліп қалмас үшін бүгін бәрін шығарып тастауға тырысамыз.
«Қала сыртындағы айналма жол – ҚазАвтоЖол мекемесіне қарасты басымдыққа ие учаскенің бірі. Әуежаймен байланыстыратын жолды тездетіп қардан тазарту маңызды. Боран басылғанша екі ауысымда қарқынды жұмыс жалғаса бермек», — дейді учаске басшысы.
Дархан Мұсабеков, «ҚазАвтоЖол» Ұлттық компаниясына қарасты учаске басшысы:
- ҚазАвтоЖолда көбінесе қар шығару емес, республикалық маңызы бар жолдарды тазарту ғой. Бұл жерде біз тұрған 53-ші шақырымда «транспортный развязка» Қабанбай деп атаймыз. Мұнда биік «стеналар» болған соң қатты борап тастайды. Бұл жерден қарды шығарамыз.
Таңнан бері Астанада жүзге тарта жол көлік оқиғасы тіркелді. Айта кетейік, Ақмола және Қарағанды облыстарындағы республикалық маңызы бар жолдар ашылды. Шығыс Қазақстандағы Өскемен- Қатон-Қарағай-Рахман бұлақтарына апарар жол жабық. Төтенше жағдайлар қызметі боранды күндері алыс жолға шықпауға кеңес береді.