Елде алдағы 5 жылда техникалық және кәсіптік білімі бар жұмысшы тапшылығы сезілуі мүмкін. Еңбек нарығындағы сұраныс 55 пайызға жетеді деген болжам бар. Сондықтан биылдан бастап барлық күш кәсіптік техникалық білім берудің беделін арттыруға жұмсалады
Бекарыс Тұрағал өз болашағын электроника және телекоммуникация саласымен байланыстырады. Қазір барлық салаға интернеттің ықпалы орасан. Сондықтан ол ойланбастан осы мамандықты таңдағанын айтады.
Бекарыс Тұрағал, колледждің 2 курс студенті:
-Мен бұл мамандықты таңдауымның басты себебі 21 ғасырда қандай құрылғы болмасын, не болса да барлығын біз интернет желі арқылы жасаймыз. Ал интернет желісі бұл біздің мамандықтың негізгі бөлшегі болып саналады. Біздің мамандық болмаса басқа да мамандықтар жұмыссыз қалады.
Бекарыс сияқты талапты жастардың қатары көбейгені қуантады. Биыл оқуға 800-ге жуық студент қабылданған.
Майра Сембина, колледж директорының оқу-әдістемелік жұмысы жөніндегі орынбасары:
-Жылдан жылға қабылдау комиссиясының нәтижелері бойынша талапкерлердің өтініштерінің көбейгенін біз байқап отырмыз. Мысалы, 2022 жылы біз талапкерлерден 1300 өтінімдерді қабылдасақ, 2023 жылы ол көрсеткіш 2500-ден астам болды. 2024 жылы да бұл көрсеткіш 2000-нан асты.
Еліміздегі барлық колледж кәсіпорындармен әріптестік байланыс орнатқан. Демек, түлектер диплом алған соң тұрақты жұмыспен қамтылады. Ал жас талапкерлердің таңдауына сай оқу бағдарламасы да жыл сайын қайта жасалады. Мәселен, биыл автомобиль жасау, радиоэлектроника және телекоммуникация, механика бағыттарына сұраныс жоғары.
Жанат Далабаев, Talap КЕАҚ, стратегиялық даму, жиынтық талдау және мониторинг басқармасының бастығы:
-Біз дипломнан бөлек, бүкіл әлемде тізімделген халықаралық үлгідегі сертификаттар беруді жоспарлап отырмыз. Бұл түлектерімізге шет елдерде де жұмысқа орналасуға көмектеседі.
Бұдан бөлек, елімізде WorldSkills бірыңғай ұлттық орталығын құру жоспарланып отыр. Онда еліміздің барлық колледж студенттері біліктілігін арттырып, халықаралық деңгейдегі жарыстарға дайындала алады.
Авторлары: Дана Әлиева, Болатбек Табалдиев