Маңғыстауда жасөспірімдер арасындағы төбелес видеоға түсіп қалды

Жаңалықтар

Маңғыстаулық жасөспірімдер арасындағы жанжал кезінде түсірілген видео әлеуметтік желіде тарады. Кадрлардан таяқпен қаруланған жастардың ашық алаңда топ болып, бір-біріне қол көтеріп жатқанын көруге болады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Lada.kz-ке сілтеме жасап.

Басылымның хабарлауынша, куәгерлер оқ атылғандай дыбыс естіген, алайда ол қолдан жасалған пиротехникадан шыққан дыбыс та болуы мүмкін. Бұл оқиға қоғамда үлкен резонанс тудырған: желі қолданушылары жасөспірімдер арасында агрессия күшейгеніне және ересектер тарабынан бақылау жоқтығына алаңдаушылық білдірген.

Полицейлердің мәліметінше, төбелес 22 шілдеде болған. Полицейлер оқиғаға шұғыл араласқан.

"Жанжалға қатысушылардың барлығы анықталып, ата-аналарымен бірге полиция бөліміне жеткізілді. Тергеу қорытындысы бойынша кәмелетке толмағандардың ата-аналарына қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексстің 127-бабы (Кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау) және 434-бабы (Ұсақ бұзақылық) бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылды. Материалдар тиісті шешім шығарылуы үшін сотқа жолданды", — деп хабарлады облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі өкілдері.

Сондай-ақ төбелеске кәмелетке толмаған барлық қатысушылар профилактикалық есепке алынған. Полицейлер жағдайдың бақылауда екеніне тоқталып, жастар арасында көшедегі төбелес көбейіп кеткеніне алаңдаушылық білдірді. Тәртіп сақшылары ата-аналарға балаларының мінез-құлқына бақылауды күшейту қажеттігін, сондай-ақ олардың әрекеттері үшін заңды жауапкершілік барын ескертеді.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз