Ұлттық қор 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында 4,7 млрд доллар инвестициялық табыс тапты

Жаңалықтар

Осылайша инвестициялық табысы 7,8 пайыз өсті.

2025 жылдың алты айында Ұлттық қордың активтері 2,6 пайызға өсіп, 60,3 миллиард долларға жеткен. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов Үкімет отырысында мәлімдеді.

"Жалпы халықаралық резервтер жыл басынан бері 7,4 пайызға ұлғайып, 112,3 миллиард долларды құрады. Ал Ұлттық банктің алтын-валюта резервтері 52 миллиард долларға дейін, яғни 13,5 пайызға өсті", – деді Тимур Сүлейменов.


Оқи отырыңыз: "Экономикалық емес, саяси месседж": Дональд Трамптың Қазақстанға қатысты тариф саясатының астарында не жатыр


Оның сөзінше, Ұлттық қорға жыл басынан бері түскен кіріс 1,8 триллион теңгені құраса, республикалық бюджетке бағытталған трансферт көлемі 3,1 триллион теңгеге жеткен.

"Ұлттық қордың алты ай ішіндегі инвестициялық табысы 7,8 пайызға немесе 4,7 миллиард долларға тең болды", – дейді ол.

Сондай-ақ, ресми мәліметке сәйкес, биылғы қаңтар-маусым аралығында елдегі инфляция деңгейі 11,8 пайыз болған.