20 жасқа толмаған қазақстандық спортшы шетелде ұшты-күйлі жоғалып кетті

Жаңалықтар

Бұл туралы спортшының ата-анасы бейнеүндеу жариялап хабарлауға мәжбүр болған.

19 жастағы пауэрлифтер Сергей Веселовтың Медина қаласында хабар-ошарсыз кеткені анықталды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Бейнеүндеуде Сергей Веселовтың ата-анасы оның 19 маусым күні әуелі Астана қаласынан Ыстамбұлға, кейін Түркиядан Сауд Арабиясының Медина қаласына белгісіз себептермен аттанғанын айтқан. Ол туған-туыстарымен соңғы рет 26 маусым күні ғана хат-хабар алмасқан. Содан бері онымен еш байланыс болмай тұр.

Спортшының анасы Ирина Веселова Сауд Арабиясындағы Қазақстан елшілігімен байланысса да, 10 күн бойы мардымды жауап алмағанын айтып ашынады.

– Ол 17 жасында спорт шеберіне үміткер атанды. Пауэрлифтингтен Азия және Еуропа чемпионы. Ол әрдайым пауэрлифингтен ұлттық федерацияның атынан өнер көрсетті, – дейді қайғыдан қан жұтқан анасы.