Қазақстанның күштік құрылымында темірдей тәртіпке бағынған арулар қызмет етеді

Жаңалықтар

Бүгінде мыңдаған ару Қазақстанның күштік құрылымдарында ерлермен тең дәрежеде қызмет етіп жатыр.

Әсіресе Ұлттық қауіпсіздік комитетінің «Арыстан» жасағында жүрген Зарина мен Джейн есімді жауынгерлер түрлі операцияларға қатысып, қауіпті тапсырмалар орындап жүр.

Әлемде бүркеншік есім қолданатын санаулы ғана мамандық бар. Соның ішінде арнайы жасақ жауынгерлері сөзіме дәлел. Бүгін біз ҰҚК-нің «А» қызметі яғни «Арыстан» сапында жүрген Зарина және Джейн есімді лақап аттарымен танымал аруларымызбен танысамыз.

Зарина «А» қызметіндегі ең тәжірибелі жауынгер. Ұлттық қауіпсіздік комитетіне өмірінің 20 жылын арнаса, соның 10 жылы арнаулы жасақ қатарында өткен. Шын есімі басқа. Яғни жұмыстың талабына сай түрін жасырып, атын өзгертуге міндетті.

Зарина қару-жарақ пен техникаға бала жастан әуес. Тұсауының өзін ырымдап әскери белдікпен кескен. Қолы қалт етсе атыс тирына барып жаттығады. Тіпті Сирия мен Ауғанстандағы арнайы операцияларға қатысқан. Оның талай жылғы кәсіби біліктілігі Таяу Шығыстың соғыс қақпанында қалған отандастарымызды соның ішінде әйелдер мен балаларды «Жусан» операциясы арқылы елге әкелуге септігін тигізді.

Зарина, ҚР ҰҚК Арнаулы мақсаттағы «А» қызметінің жауынгері:

– Қандай жұмыс болмасын өзінің қиындықтары бар. Мен жас кезімнен спортпен айналысып, қару-жарақтарды өте жақсы көремін. Сондықтан қызметімді қиын деп айта алмаймын.

Өзіңіздің айналаңыздағы достарыңыз, туыстарыңыз осында қызмет ететініңізді біле ме?

Зарина, ҚР ҰҚК Арнаулы мақсаттағы «А» қызметінің жауынгері:

- Бұл туралы айтыла бермейді. Жақын туыстарым ғана ҰҚК-де жүргенімді біледі. Ал Арнаулы мақсатта жұмыс істейтінімді ешкім білмейді.

Өзіңіздің ең сүйікті қаруыңыз, тапаншаңыз қандай?

Зарина, ҚР ҰҚК Арнаулы мақсаттағы «А» қызметінің жауынгері:

– Алдында айтып кеткендей «Скорпион», «Глок», «Культ», жалпы бізде қару-жарақтар көп. Гранат атқыш бар, пулемет бар. Жұмыс болғаннан кейін бір нәрсеге қатты сеніп қалмайсын. Әр қаруды білуді өзім талап етем, жақсы көремін.

Енді өзіңіздің бір балаңыз бар ия?

Зарина, ҚР ҰҚК Арнаулы мақсаттағы «А» қызметінің жауынгері:

- Иә, 2 жаста қызым бала.

Ертең ол да сіздің жолыңызды қуса, соған ойыңыз қалай?

Зарина, ҚР ҰҚК Арнаулы мақсаттағы «А» қызметінің жауынгері:

- Қызым туғалы сол нәрсеге талпынамын. Кішкентай кезінен жүзуге бердім. Қазір бұйырса 3 жасқа толса гимнастика, дзюдоға беремін. Өзі біледі болашақта. Десе де менің жолымды басса деп ойлаймын.

Ал «Джейн» Арнаулы жасақ қатарында 2016 жылдан бері жүр. Жастайынан күрес, дзюдомен айналысады. Төзімділігі мен шыдамдылығының арқасында физикалық нормативтері өте ауыр деп бағаланатын әйгілі «А» ның сапына өтті.

Джейн, ҚР ҰҚК Арнаулы мақсаттағы “А” қызметінің жауынгері:

- Мен өз жұмысымды жақсы көремін. Үнемі елімді, Отанымды қаскөйлерден, арам пиғылдылардан қорғағым келеді. Мұнда жүргеніме еш өкінбеймін. Әрине қызмет оңай емес. Бізге қойылатын талап ерлермен бірдей. Соған қарамастан арнаулы жасақ қатарында жүргенімді мақтан тұтамын.

Иә, әйелдердің қолына қару алып, азаматтармен иін тіресе қызмет етуі жаңалық емес. Десе де бір қолымен әлемді, екінші қолымен бесікті тербеткен арулардың жауынгерлік рухы мен батылдығы көпке үлгі.