Жезқазғанда қоқыс пен қатты тұрмыстық қалдықты қайта өңдейтін шағын зауыт салынады.
Қолданыстағы полигон санитарлық және экологиялық талаптарға сай емес. Жаңа жоба қоқысты кәдеге жаратуға мүмкіндік береді. Полигон жанынан құрылатын шағын зауытта жылына 50 мың тонна қоқыс қайта өңделеді деп жоспарланып отыр.
Қоқыс полигоны Жезқазған мен Сәтбаев қалаларына ортақ болады. Екі қаланың ортасындағы өндірістік аумақта орналасады. Полигон базасында қағаз, пластик және резеңке бұйымдарды қайта өңдейтін шағын зауыт салынады. Жер учаскесі бөлініп, инвестор анықталды. Облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының өкілі Абзал Ахметбеков: «Екі нысанды салуға шамамен 900 млн теңге қажет», — дейді. Қаржының 30%-і инвестордың өз есебінен, ал қалғанын өнеркәсіпті дамыту қоры лизинг түрінде береді.
Абзал Ахметбеков, Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы басшысының міндетін атқарушы:
- Нысан екі қаланың ортасына салынады деп отырмыз. Бұл полигонның негізгі аумағы 17 гектарды құрайды. Қазір бүкіл құжаттар бірінші, екінші кезеңнен өтіп толық бітті. Қазір жоба жасалып, сметалық құжаттары дайындалып, әрі қарай жұмыстар жалғасады деген ойдамыз.
«Қолданыстағы қоқыс полигоны Жезқазғаннан 20 шақырым қашықта жатыр. Полигон қазір қоқысқа толған. Күніне шамамен 150 тонна қоқыс төгіледі. Ешқандай санитарлық және экологиялық талаптарға сай келмейді», — дейді мамандар. Тау боп үйілген қоқыс қысы-жазы күн ара өртеніп, айналаны жағымсыз иіс жайлап кетеді.
Мұрат Сейтқазинов, Қалалық ТҮКШ бөлімінің басшысы:
- Жезқазған қаласының полигоны экологиялық кодекстің талаптарына сәйкес келмейді. Бүгінгі күні Жезқазған қаласының бас жоспарына сәйкес жаңадан полигон салу жоспарланып отыр. Осыған байланысты ескі полигонды біз экологиялық кодекске сәйкес жою жұмыстарын жүргізетін боламыз.
«Жаңа полигон жанынан салынатын шағын зауытта жылына 50 мың тонна қоқыс өңделеді. Бұл қалдықты кәдеге жаратудан бөлек, өңір экологиясына келетін зиянды азайтуға мүмкінідк береді», — дейді мамандар.