ҰҚК қайта ұйымдастырылған Антикорға қатысты мәлімдеме жасады

Жаңалықтар

Қажетті рәсімдер аяқталғанға дейін қайта ұйымдастырылған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі бұрынғы режимде жұмыс істейді. Бұл туралы Ұлттық қауіпсіздік комитетіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.

"2025 жылғы 30 маусымда мемлекет басшысының жарлығымен ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Ұлттық қауіпсіздік комитетіне қосылу арқылы қайта ұйымдастырылды. Жаңа ведомство "ҰҚК Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі құрылды.

Осыған байланысты комитетпен бірқатар ұйымдастырушылық, басқарушылық және практикалық іс-шаралары жүзеге асырылуда.

Құқықтар мен міндеттемелердің құқықтық мирасқорлығы рәсімдері аяқталғанға дейін қайта ұйымдастырылған ведомство бұрынғы режимде жұмыс істейтін болады", — делінген ҰҚК хабарламасында.

Айта кетейік, қайта ұйымдастырылған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің кейбір функциялары мен өкілеттіктері Мемлекеттік қызмет істері агенттігіне берілді.

Сондай-ақ мемлекет басшысы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің бұрынғы төрағасы Асхат Жұмағалиға белсенді әрі нәтижелі жұмысы үшін ризашылығын білдірген еді.