Жасы тоқсанға таяған кейуана трактор тізгіндеп жүр

Жаңалықтар

Шығыс Қазақстан облысы Тарғын ауылының тұрғыны Қазия Мусина тоқсанға таяған жасында трактор тізгіндейді, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Хабар 24" телеарнасына сілтеме жасап.

Механизатор әжей ауыр көлік жүргізгенімен қоймай, техниканың бұзылған жерін бірден табады. Ұлына кеңес беріп, жөндеуге де үлес қосады.

Қазия Мусина жасына қарамастан көк тракторға жиі отырады. Талай жылғы тәжірбие бар, сондықтан тізгінде өзін сенімді ұстайды. Әрі-бері өткен көліктің дыбысынан-ақ техникалық жағдайын бірден біледі.

Қазия әжей ауыр көлікті 15 жыл жүргізген. Жер жыртты, шөп тасыды, ауылға кірпіш жеткізді. Үй салуға ат салысты. Әйелмін деп қарап отырған кезі болмаған. Шынжыр табаннан бастап К-700 көлігіне дейін айдады. Енді мінеки тоқсанға таяса да, ұлы Қайнарға көмектесіп жүр.

Зейнеткердің қайсар мінезі мен еңбекқорлығына ауылдастары да тәнті. Механизатор әжейдің балалары да техникаға жақын.

"Қазия әжейдің алдына көлікпен келу үшін де үлкен дайындық керек", — дейді ұлдары.

Сергек жүруімнің сыры еңбекте деп санайтын ол жастарды жалқалулықтан аулақ болуға шақырады. Қолы қалт етсе, құрақ құрап, құда-жекжатына өз қолымен сыйлық дайындайтыны тағы бар.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!