Астана тұрғындарына көшедегі жөндеу жұмыстарына байланысты маңызды ескерту жасалды

Жаңалықтар

Астана тұрғындары мен қонақтарына қаланың екі көшесінде автокөлік қозғалысының ішінара шектелетіні туралы ескертілді. Оның біреуі 1 қыркүйекке дейін толық жабылады, деп хабарлайды Zakon.kz.

Астана әкімдігінің мәліметінше, бұл шаралар "Мәңгілік Ел даңғылы мен Сығанақ көшесінің қиылысындағы көшелер құрылысы" жобасын іске асыру үшін қажет.

"2025 жылғы 30 маусым мен 1 қыркүйек аралығында А. Бөкейхан көшесінен бастап №9 қалалық емханаға дейінгі аралықта көлік қозғалысы толықтай шектеледі. Бұл көше мен инженерлік желілердің күрделі құрылысына байланысты. Емханаға кіру Мәңгілік Ел даңғылы жағынан қамтамасыз етіледі", – деп түсіндірді әкімдік.

Сондай-ақ, Амман көшесінде орташа жөндеу жұмыстары басталатыны атап өтілді:

"Осыған байланысты, ағымдағы жылғы 29 маусым – 4 шілде аралығында көрсетілген учаскеде қозғалыс ішінара жабылатын болады. Осы уақытта автокөлік құралдарының қозғалысы екі бағытта бір жағынан кезең-кезеңімен ұйымдастырылады". Астана қаласы әкімдігі

Жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерден маршруттарды алдын ала жоспарлауды және қозғалысты ұйымдастырудағы ықтимал өзгерістерді ескеру сұралды. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету және қолайсыздықты азайту үшін уақытша жол белгілері мен көрсеткіштер орнатылатын болады.

Бұған дейін Астанада тағы 20 автобустың бағытын өзгерткендігін жазғанбыз.