"Ұлытау" ҚПЛ тарихындағы алғашқы жапон ойыншысын қатарға қосты

Жаңалықтар

Қазақстан Премьер-Лигасының дебютанты "Ұлытау" клубы жаңа маусымға ерекше трансфер жасады.

Команда сапына 24 жастағы жапон жартылай қорғаушысы Котару Киси қосылды. Ол ҚПЛ тарихында ойнайтын алғашқы жапон футболшысы. Киси маусым соңына дейін келісімшартқа қол қойып, 7-нөмірлі жейде киетін болды. Бұған дейін ол Черногория чемпионатында өнер көрсетіп, "Морнар" (Бар) клубында 44 ойын өткізіп, 6 гол соғып, 3 нәтижелі пас берген. Transfermarkt мәліметінше, футболшының қазіргі нарықтық құны шамамен 100 мың еуроны құрайды.

Футболшының айтуынша, оны Қазақстанға келуге жапон ойыншыларының бұл елде әлі ойнамағаны қызықтырған.

— Мені Қазақстанда жапон футболшылары болмауы қызықтырды. Мұнда ойнасам, келесі деңгейге көтерілемін деп ойлаймын. "Ұлытау" клубы маған қызығушылық танытып, нақты ұсыныс жасады. Бұл шешімге келуге сол себепті бел будым, – деді Котару Киси сұхбатында.

Бұл трансфер – тек "Ұлытау" клубы үшін ғана емес, жалпы ҚПЛ үшін маңызды жаңалық. Азия нарығына бет бұру – Қазақстан футболының жаңа мүмкіндіктерге ұмтылысының белгісі.