Ақмарал Ерекешева көркем гимнастикадан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатының жеңімпазы атанды. Ол Қазақстанға екі алтын және бір күміс медаль сыйлады, деп хабарлайды Спорт және дене шынықтыру істері комитетіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Болгария астанасы София қаласында көркем гимнастикадан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатының жекелей жаттығуларындағы финалдық кезеңі өз мәресіне жетті.
Қазақстандық гимнаст Ақмарал Ерекешева турнирдің жеңімпазы атанды. Ол іріктеу кезеңінде үздік нәтиже көрсетіп, үш бірдей финалға жолдама алған еді. Ақмарал осы үш жаттығудың бәрінде жүлдегер атанды.
Ол доппен және лентамен жаттығуларда алтын медаль жеңіп алса, шеңбермен жаттығуда күміс жүлдеге ие болды.
Сондай-ақ Айғаным Рысбек булавамен жаттығуда бесінші орын алды.
Айта кетейік, Ақмарал Ерекешева – көркем гимнастикадан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында жеңіске жеткен санаулы қазақстандық гимнаст қыздардың бірі.