Ақтөбе облысында саябақта ойнап жүрген он жасар баланы тоқ соқты. Қазір оқушы облыс орталығындағы аурухананың жансақтау бөлімінде жатыр. Бұл туралы КТК телеарнасы хабарлайды.
Оқиға Шалқар қаласында болған. Телеарнаның хабарлауынша, бала Жеңіс күні қарсаңында жаңа ашылған шағын саябақта ойнап жүрген. Гүлзарды бойлай орнатылған жарық шамының бағанына өзі өрмелеп шыққан көрінеді. Сол жерде оны тоқ ұрған.
Жедел жәрдем Шалқар ауданы ауруханасының жансақтау бөліміне әкеліп, дәрігерлер бейнебайланыс арқылы облыс орталығындағы мамандармен кеңесіп, жағдайы тым ауыр болған соң, Ақтөбедегі балалар ауруханасына санавиациямен жеткізілген. Ал аудан әкімі 9 миллион теңгеге жөнделген шағын саябақтың электр сымдарында еш ақау болмады деп отыр.
"Ол баланы санавиациямен біздің ауруханаға алып келді. Қазір жансақтау бөлімінде, жағдайы ауыр, электрден жарақат алған, күйген жерлері бар", — дейді Ақтөбе облысы балалар ауруханасының дәрігері Қуантай Нұрмұхамбетов.
Дереккөз КТК телеарнасы.