Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астанадағы бірқатар нысанды аралады, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қасым-Жомарт Тоқаев MFA International компаниясының елордадағы кәсіпорнын аралап көрді. Бұл – индустриялық респиратор мен газтұтқы шығаруда Түркиядағы ең ірі және Еуропадағы үштікке енетін компания. 2020 жылы пандемияның шарықтау шағында MFA Maske компаниясы қызмет аумағын кеңейту жөнінде шешім қабылдап, Қазақстанға инвестиция құйған болатын.
Астанада медициналық, өнеркәсіптік респираторлар, газға қарсы уланудан, сондай-ақ, химиялық, биологиялық, радиологиялық және ядролық қатерден сақтайтын газтұтқы шығаратын зауыт құрылысын бастады. Жоба құны – 10 миллион доллар. Жоба компанияның жеке инвестициясы есебінен салынып жатыр.
Президент медициналық мақсаттағы бұйымдар шығаратын елордалық кәсіпорындар көрмесін тамашалады. Мемлекет басшысына Heart Center Foundation қоғамдық қорының өкілдері Қазақстандағы кардиохирургия мен трансплантологияны дамыту миссиясы туралы әңгімеледі.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа биыл мамырда ALEM инновациялық аппаратын шығаратын зауыт құрылысы басталғаны жөнінде ақпарат берілді. Қазақстандық инженерлер мен UMC Жүрек орталығы дәрігерлерінің бірегей жұмысы заманауи трансплантологиядағы басты мәселе саналатын донорлық органды сақтау уақытының шектеулілігін шешуді көздейді. Жүректің ишемиялық ауруларының түрлі формаларын емдеу ісіне Назарбаев университеті технопаркінің базасында іске асырылған жоба да өз үлесін қоспақ.
Көрмені аралаған соң Қасым-Жомарт Тоқаев отандық фармацевтика индустриясы мен медицина бұйымдары өндірісін дамытудың маңызын атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев KIA маркалы арнайы және коммерциялық техникалар құрастыратын зауыт жұмысымен танысты. Кәсіпорын іске қосылған 2022 жылдан бері 700-ден аса көлік шығарған. Өндіріске құйған инвестицияның жалпы көлемі 11 миллиард теңгеден асты. Мұнда өндірушілерден жеткізілген бөлшектерді дәнекерлеу, сырлау, шанақ монтаждау жұмыстары атқарылады. Сонымен қатар, коммерциялық көліктерге арналған қосымша жабдықтар өндірісі жолға қойылған. 240 маман тұрақты жұмыспен қамтылған. Компания өндірістік қуаты мен өнім түрін кеңейту үшін басқа да халықаралық брендтермен келіссөз жүргізіп жатыр.
Президент еңбек ұжымына табыс тілеп, көлік шанағына естелік қолжазба қалдырды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!