"Росатом": Ирандағы АЭС-ке соққы жасалса, апат салдары Чернобыльден кем түспейді

Жаңалықтар

"Росатом" басшысы Ирандағы АЭС қызметкерлерімен және арнайы қызметтермен байланыста екенін, жағдайға өте алаңдап отырғанын жеткізді.

19 маусымда "Росатом" басшысы Алексей Лихачев Петербург халықаралық экономикалық форумында Ирандағы құрылыс кезеңіндегі "Бушер" атом электр станциясына жасалатын соққы Чернобыль апатымен тең келетін үлкен апатқа айналуы мүмкін екенін айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Интерфакс агенттігіне сілтеме жасап.

Алексей Лихачев мұндай әрекеттің болмауы тиіс екенін, әлемдік атом қауымдастығы мен МАГАТЭ ұйымымен бірлесіп ядролық объектілерге қару жақындамауы керектігін ерекше атап өтті.

Сонымен қатар Лихачев Израиль басшылығына апатты болдырмау үшін толық түсіністік пен сабырлылық танытуға шақырды.

Айта кетейік, бұған дейін Нетаньяху Израиль армиясына Иранға шабуылдарды күшейтуді тапсырғанын жазған болатынбыз.