Қытай Түркістанның технологиялық серіктестігіне айналады

Жаңалықтар

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің Қытай Халық Республикасына жасаған жұмыс сапары аясында 20-ға жуық жаңа инвестициялық жоба бойынша маңызды келіссөздер жүргізілді. Түркістан облысы әкімдігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, делегация Шаньдун провинциясының Циндао қаласында ауыл шаруашылығы, өңдеу өнеркәсібі, логистика және туризм салалары бойынша Қытайдың жетекші компанияларымен нақты жобаларды талқылап, ірі өндіріс орындарын аралады.

Сапардың басты мақсаты – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың елімізге тікелей инвестиция тарту, жаңа өндірістерді іске қосу және халықтың әл-ауқатын арттыру жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыру. Түркістан облысы халықаралық серіктестік пен нақты жобалар арқылы өңірлік дамудың жаңа кезеңіне өтуге белсенді атсалысуда.

Делегация «TSINGTAO BREWERY CO., LTD.» зауытының жұмысымен танысты. 1903 жылы құрылған бұл компания Қытайдың ең ірі сыра өндірушілерінің бірі болып табылады, өнімін 120-дан астам елге экспорттайды. Компания сонымен қатар денсаулыққа пайдалы сусындар шығарумен және мәдени-көпшілік кеңістіктер құрумен айналысады. Бұл кәсіпорынның технологиялық дамуға және сыртқы нарыққа бағытталған саясаты Түркістан облысының кәсіпкерлеріне жаңа мүмкіндіктер ұсынады.

Сонымен қатар, «Qingdao Sigma Chemical Co., Ltd.» компаниясымен кездесулер өтті. Бұл компания ауыл шаруашылығына арналған тыңайтқыштар мен экологиялық қауіпсіз химиялық өнімдер өндірісінде Қытайдағы көшбасшылардың бірі. Түркістан облысының әкімі өңірде шегірткемен күрес және ауыл шаруашылығын химияландыру мәселелеріне ерекше назар аударып, осы салада бірлескен нақты жобаларды іске асыруға шақырды. Компания Қазақстанмен сауда-логистикалық қатынасты дамытуға да мүдделі екенін білдірді.

«Qingdao International Investment Co., Ltd.» мемлекеттік холдингімен де келіссөздер жүргізілді. Бұл холдинг Қытайдың стратегиялық инвестициялық жобаларын іске асыруда жетекші рөл атқарады, венчурлік қаржыландыру, активтерді басқару және инновациялық жобаларға инвестиция тарту саласында жұмыс істейді. Холдингпен серіктестік Түркістан облысының ұзақ мерзімді қаржылық тұрақтылығы мен технологиялық дамуына жол ашады.

Сапар барысында ауыл шаруашылығы саласында жаңа жобалар ұсынылды. Мысалы, Циндао аймағында өсірілетін Дазэшань жүзімі Түркістан облысына бейімделіп, тәжірибе алмасу жоспарлануда. Сонымен қатар, көкөністі кептіру және терең өңдеу зауытын салу, жержаңғақ өңдейтін орталық ашу, бизнес-қонақүй және туристік кешен салу сияқты жобалар талқыланды. Бұл бастамалар өңірдің экономикалық құрылымын әртараптандыруға және экспорттық әлеуетін арттыруға бағытталған.

Түркістан облысының әкімі бұл жобаларды жан-жақты зерделеп, жүзеге асыру жолдарын пысықтауды тапсырды. Қытай тарапынан өңірге деген қызығушылық жоғары, кәсіпорындар бірлескен жобаларды іске асыруға дайын екендерін білдірді. Бұл сапар экономикалық ғана емес, технологиялық серіктестік, экспорттық әлеуетті арттыру және өңірдің жаһандық нарықтарға шығуына мүмкіндік беретін маңызды оқиға болды.

Нұралхан Көшеровтың айтуынша, Түркістан облысы тек тарихи және рухани орталық қана емес, сонымен қатар халықаралық деңгейдегі аграрлық, индустриялық және қаржылық серіктестікке ашық өңір. Президенттің тікелей инвестиция тарту және жаңа өндірістер ашу тапсырмаларын орындау үшін бұл сапар маңызды.

Циндао қаласы – Азия-Тынық мұхиты аймағындағы ең ірі өнеркәсіптік, сауда-логистикалық және агроөнеркәсіптік орталықтардың бірі. 10 миллионнан астам тұрғыны бар мегаполис, 2024 жылы ішкі жалпы өнімі 1,6 триллион юаньға (шамамен 220 млрд АҚШ доллары) жетті. Қаланың экономикасы өңдеу өнеркәсібі, жоғары технологиялар, логистика және агроөнеркәсіптік кешенге негізделген.

Бұл сапар Түркістан облысының ауыл шаруашылығы мен өңдеу өнеркәсібін дамыту, инвестициялық серіктестікті нығайту және өңірдің жаһандық нарықтарға шығу жолындағы стратегиялық маңызды қадам болып табылады.