Қоқыс толы ескі құдыққа құлап мерт болғаны екі адамның біреуі – 9 жасар жеткіншек.
Баланы құтқару үшін артынан тағы бір адам түскен, алайда қайта шыға алмаған, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Ақтөбе облысының Жарлы ауылында 17 маусымда 9 жастағы қыз жеке үйдің ауласындағы тереңдігі 10 метр құдыққа құлап кеткен. Құдық қараусыз қалған, ішіне қоқыс толып қалған.
Ер адам баланы құтқаруға тырысып, артынан түскен. Алайда ол сыртқа шыға алмаған.
"Құтқарушылардың көмегімен бала мен ересек адам құдықтан ес-түссіз күйде шығарылды. Аудандық төтенше жағдайлар қызметінің қызметкерлері шұғыл түрде алғашқы медициналық көмек көрсетті. Өкінішке орай екеуі де қайтыс болды", – деді Ақтөбе облысының төтенше жағдайлар департаментінің өкілі.
Бұл оқиға бойынша тексеріс басталды.