Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев қазақстандықтардың жеке деректерінің таралуына қатысты пікір білдірді.
Еліміздегі Кибершабуылды талдау және тергеу орталығы "16 миллион қазақстандықтың жеке дерегі" тарады деген болатын. Алайда, жауапты министрлік мұны жоққа шығарып отыр, деп жазады inbusiness.kz сайты.
– Аталған деректер жаңартылған деректер емес, мемлекеттік дерекқор бұзылған жоқ. Бұл бұрын таралып кеткен деректер, қазір ол деректер даркнетте қолжетімді. Олар қандай да бір Telegram арналарда пайда болған жағдайда дереу бұғаттаймыз. Бұл деректерге аздаған жаңарту енгізілген болуы мүмкін. Аталған ақпарат 2024 жылғы 1 мамырға дейін болған. Жаңа деректердің таралуы тіркелген жоқ, – деп мәлімдеді Жаслан Мәдиев Мәжілісте тілшілердің сұрағына жауап беріп.