Өнеркәсіпті дамыту қоры бизнеске арналған қаржыландырудың бірыңғай мөлшерлемесін енгізді

Жаңалықтар

"Бәйтерек" ұлттық басқарушы холдингінің жаңа стратегиясы аясында, оның құрамына кіретін және Қазақстан Даму Банкінің еншілес ұйымы болып табылатын "Өнеркәсіпті дамыту қоры" АҚ теңгемен қаржыландырылатын жаңа инвестициялық жобалар бойынша пайыздық мөлшерлемелерді бірыңғайландырады.

Отандық өндіріс пен кәсіпкерлікті жүйелі түрде қолдауды жалғастыру мақсатында, нарықтық жағдайларды ескере отырып, Қор жылдық 12,6% деңгейінде бірыңғай сыйақы мөлшерлемесін бекітті.

Бұл шешім өндірісті жаңғырту, жаңа кәсіпорындар ашу, сондай-ақ энергетика, көлік-логистикалық инфрақұрылым, қойма және логистикалық кешендер салаларындағы жобаларды қаржыландыруды жалғастыруға мүмкіндік береді.

Бұған дейін жобалар бойынша мөлшерлемелер нақты бағдарламаға байланысты өзгеріп отыратын болса, енді Қор бұл факторға тәуелсіз түрде бірыңғай мөлшерлемені енгізіп отыр.

Бизнес-процестерді цифрландыру және өтінімдерді қарау мерзімдерін қысқарту мақсатында Қор www.idfrk.kz сайтында өтініш берушінің жеке қатысуын талап етпейтін "Жеке кабинет" атты онлайн жүйесін әзірлеп, іске қосты.

Сонымен қатар, 2024 жылдан бастап Қазақстан Республикасының "Жасыл экономикаға" көшу тұжырымдамасы аясында Қор Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен "Жасыл даму" ұйымымен бірлесіп, қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау, қайта өңдеу және кәдеге жарату ісімен айналысатын кәсіпорындарды қолдау бағдарламасын жүзеге асыруда. Аталған бағыттағы жобалар бойынша сыйақы мөлшерлемесі жылдық 3%-ды құрайды. Бұл шаралар экологиялық жобаларды ынталандыруға және қоршаған ортаға теріс әсерді азайтуға бағытталған.

Өнеркәсіпті дамыту қорында бүкіл қызметтің ел экономикасының тұрақты дамуына үлес қосуға, әсіресе өңдеу және инфрақұрылымдық салаларды қолдау арқылы ұлттық әлеуетті нығайтуға бағытталғаны атап өтілуде.

Тек 2024 жылдың өзінде Қор тарапынан Қазақстанның нақты экономикасына 778 млрд теңгеден астам тікелей инвестиция бағытталып, 318 индустриялық және инфрақұрылымдық жоба қолдау тапты.