Еліміздегі жаңартылатын энергетика жобаларына Қытайдың қызығушылығы жоғары

Жаңалықтар

Қытайлық компаниялар соңғы 30 жылда Қазақстанның отын-энергетика кешенін дамытуға белсенді қатысып келеді.

Қытаймен серіктестік туралы толығырақ Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов айтып берді, деп жазады inbusiness.kz сайты Қазақпарат агенттігіне сілтеме жасап.

– Қазақстанның Қытай және Орталық Азия елдерімен ынтымақтастығы жаңа кезеңге қадам басып отыр. Қазақстан мен Қытай қарым-қатынасының "алтын отыз жылдығының" басталғанын айтып отырмыз. Осы уақыт ішінде стратегиялық сенім, нақты жобалар мен орнықты өзара іс-қимыл тетігі қалыптасты. Энергетика саласы – өңірлік кооперацияның негізгі бағыты, өнеркәсіпті дамыту, инвестиция тарту және тұрақты өсімді қамтамасыз етудің іргелі элементі, – деді Ерлан Ақкенженов елордада өткен "Қытай – Орталық Азия" іскерлік кеңесінің ІІ отырысында.

Министрдің мәлімдеуінше, энергетика саласындағы Қытаймен әріптестік ұзақ мерзімді және өзара тиімді ынтымақтастықтың жарқын үлгісі.

– Соңғы 30 жылдан астам уақыт бойы қытайлық компаниялар Қазақстанның отын-энергетика кешенін дамытуға белсенді қатысып келеді. Қол қойылған үкіметаралық келісімдер аясында жаңартылған энергия көздері саласындағы ауқымды жобаларды жүзеге асыру үшін тұрақты негіз қалыптасқан. Қытайлық серіктестер тарапынан күн және жел энергиясы жобаларын бірлесіп іске асыруға қызығушылық артып отыр. Сонымен қатар жаңартылған энергия көздері мен жасыл энергетика саласына арналған компоненттерді шығаратын индустриялық база дамып келеді. База ішкі нарықты қамтумен қатар, өңірлік экспортқа да бағытталған, – деп толықтырды ведомство басшысы.

Сондай-ақ биыл елімізде 9 жаңартылатын энергия нысаны пайдалануға беріледі. Бұл жаңалықты көпшілікке ҚР ЭМ Жаңартылатын энергия көздері департаментінің директоры Жаслан Қасенов жеткізді. Үкіметтің басты мақсаты – елдің энергетикалық теңгеріміндегі ЖЭК үлесін 15%-ға дейін арттыру.

Бүгін Астанада өткен "Қытай – Орталық Азия" іскерлік кеңесінің ІІ отырысы аясында жалпы құны 17 миллиард АҚШ долларынан асатын 35-тен астам меморандумға қол қойылды.