Бектенов қазақ мұнайын тасымалдайтын конcорциум басшысымен қандай мәселені талқылады

Жаңалықтар

Олжас Бектенов пен Каспий Құбыр Консорциумы басшысы Николай Горбань қазақ мұнайын тасымалдау мәселесін талқылады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Үкіметтің баспасөз қызметінің хабарлауынша, премьер-министр Олжас Бектенов пен Каспий құбыр консорциумының бас директоры Николай Горбань мұнай тасымалы саласындағы әріптестік мәселелері бойынша кездесу өткізді.

Онда қазір жүзеге асып жатқан және перспективалы инвестициялық бағдарламалардың орындалу барысы және "Теңіз-Новороссийск" мұнай құбырын жаңғырту қарқыны қаралды.

Хабарламада халықаралық консорциум басшысы 2024 жылдың қорытындысы туралы ақпарат бергені айтылған.

Николай Горбань "Кропоткинская" мұнай айдау стансасында қалпына келтіру жұмыстарының аяқталғаны және іске қосылғаны туралы баяндады. "ҚазТрансОйл" мен КҚК әріптестігі аясында 2024 жылы КҚК мұнай құбыры желісі мен "ҚазТрансОйл"-дың Т.Қасымов атындағы мұнай айдау стансасын байланыстыратын жаңа құбыр құрылысы және оны іске қосу жобасы жүзеге асырылған.

Бүгінде айдау көлемін жылына 67 млн тоннадан 81,5 млн тоннаға дейін, оның ішінде қазақстандық учаске бойынша жылына 53,7 млн тоннадан 72,5 млн тоннаға дейін арттыруға техникалық мүмкіндік қамтамасыз етілді. КҚК мұнай құбырының "тар" тұстарын жою жобасын іске асыру нәтижесінде биылғы қазанда мұнай жөнелту көлемін 1 млрд тоннаға дейін жеткізу жоспарланып отыр.

Олжас Бектенов үкімет Каспий Құбыр Конcорциумы мұнай құбырының үздіксіз жұмыс істеуі мәселесіне ерекше назар аударып отырғанын баса айтты. Жүйе қазақстандық мұнай экспорты бойынша маңызды артерия саналады. Осыған байланысты қазақстандық тарап қажетті қолдау көрсетеді.

Кездесу барысында консорциумның әлеуметтік жауапкершілігінің маңыздылығы атап өтілді. КҚК Қазақстанда бірқатар әлеуметтік жобаны іске асырып жатыр, оның ішінде Атырау қаласында 900 орындық мектеп салынуда. Былтыр әлеуметтік жобаларға барлығы 4,4 млрд теңге бөлінді. 2025 жылы білім беру және медициналық инфрақұрылымды дамытуға ықпал ететін шаралар жоспарланған.

Келіссөздер қорытындысы бойынша тараптар өзара іс-қимыл бағыттары бойынша ынтымақтастықты нығайту ниеттерін жеткізді.

Айта кетейік, Каспий Құбыр конcорциумы құбыр жүйесі – ТМД аумағындағы энергетика саласындағы аса ірі жобалардың бірі. "Теңіз-Новороссийск" құбырының ұзындығы 1 511 километрді құрайды. Биылғы қаңтар-сәуір айларында КҚК құбыр жүйесі арқылы 23,9 млн тонна, оның ішінде қазақстандық 21,5 млн тонна мұнай жөнелтілген.