Қазақстанның Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияровтың мәліметінше, Таяу Шығыстағы күрделі жағдайға байланысты жергілікті әуе компанияларының рейстері уақытша тоқтатылған , соның салдарынан 300-ге жуық қазақстандық азамат Біріккен Араб Әмірліктерінен елге қайта алмай отыр, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Айта кетейік, 14 маусымда ҚР СІМ ресми түрде Иран, Израиль, Сирия, Ирак, Иордания және Ливан әуе кеңістігінен ұшуға тыйым салынғанын жариялаған болатын. Соған қарамастан, Қазақстаннан БАӘ-ге туристерге толы ұшақтар ұшып кеткен.
Қазіргі уақытта министрлік туристік компаниялармен, әуе тасымалдаушылармен және «Туристік қамқор» қорының қолдауымен қазақстандықтарды эвакуациялау жұмыстарын ұйымдастырып жатыр.
Сыртқы істер министрлігі азаматтарға Таяу Шығыс елдеріне сапар шегу кезінде жағдайды мұқият бағалап, ойланып шешім қабылдауға кеңес береді.
Бұған дейін Смадияров Иранда қаза тапқандар арасында қазақстандықтардың бар-жоғына тоқталған еді. Жалпы, Израиль шабуылдарынан Иранда 70-тен астам әйел мен бала көз жұмған.