Қазақстанда салынатын Атом электр станциясының (АЭС) жобасына қатысты жоспарланған мерзім мен құны туралы мәселені Қазақстанның Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің баспасөз қызметі түсіндірді
Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы baq.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Агенттіктің мәліметінше, әлемдік тәжірибе АЭС жобалаудан бастап толық іске қосылғанға дейінгі кезең орта есеппен 10-12 жылға созылатынын көрсетеді. Осыған сәйкес, Қазақстандағы АЭС құрылысының аяқталуы 2035-2036 жылдарға жоспарланып отыр.
Жобаны жүзеге асыруға ниетті «Росатом» мемлекеттік корпорациясы осы мерзімге сәйкес жұмыс істеуге дайын екенін растаған.
АЭС құрылысының индикативті құны әзірге жария етілмейді. Агенттік бұл ақпараттың коммерциялық сипатта екенін және тараптар арасында құпиялылық туралы келісім бар екенін атап өтті. Сондықтан нақты сандар айтылмай отыр.
Сондай-ақ агенттік жобаның түпкілікті құнына көптеген фактор әсер ететінін жеткізді. Атап айтқанда:
• құрылыс алаңының геологиялық, метеорологиялық және сейсмологиялық жағдайлары;
• халықаралық жабдық өндірушілерін тарту мүмкіндігі;
• Қазақстанда өндірілетін құрылыс материалдары мен жабдықтардың үлесі (локализация деңгейі);
• отандық құрылыс және монтаж ұйымдарының қатысуы, кадрлық қамтамасыз ету;
• логистика мен басқа да шығындар.
Жобаның нақты құны жобалау жұмыстары толық аяқталып, тиісті сараптамадан өткеннен кейін ғана айқындалмақ.