АҚШ президенті көп елді "татуластырғанын", соңғы рет Үндістан мен Пәкістанның бейбіт келісім жасауына себепкер болғанын жеткізді.
Сөз арасында әлемдегі қақтығысқан қаншама мемлекетті "татуластырғанын" санамалап берді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. Мұндай мәліметті ол Truth Social әлеуметтік желісінде жазған.
– Иран мен Израиль келісім жасауы керек және олар келісімге келеді. Мен Үндістан мен Пәкістанды да, АҚШ-пен сауда қарым-қатынасын пайдалана отырып, дәл осылай келісімге келуге мәжбүр еттім, екі елдің көшбасшылары тез шешім қабылдап, қақтығысты тоқтата алды, – деді Трамп.
АҚШ көшбасшысы алғашқы президенттік мерзімінде Сербия мен Косово арасындағы жанжалды тоқтатуға көмектескенін, сонымен қатар Египет пен Эфиопия бейбітшілікке бағыттағанын еске түсірді.
– Дәл сол сияқты, біз жақын арада Израиль мен Иран арасында да бейбітшілікке қол жеткіземіз, – деп нақтылай түсті ол.
Еске салайық, ABC News телеарнасына берген сұхбатында Трамп Вашингтонның Израиль мен Иран арасындағы жанжалды реттеуге қатысуы мүмкін екенін жоққа шығармады. Десе де, "АҚШ бұл қақтығысқа әзірше араласып отырған жоқ" деген болатын.
Сонымен қатар, АҚШ президенті Иран мен Израиль арасындағы қақтығысты бейбіт жолмен шешуге Владимир Путин де білек сыбана кіріскелі отырғанын хабарлады.
"Ол дайын отыр. Бұл жөнінде маған телефон шалды. Екеуіміз бұл мәселені ұзақ талқыладық", – деп қосты Трамп.
Иранның сыртқы істер министрі Аббас Арагчи Тегеранның ядролық қарудан бас тартуды кепілдендіретін келісім жасауға дайын екенін хабарлаған.
– Біз Иранда ядролық қару болмауын қамтамасыз ететін кез келген келісімге дайынбыз, өйткені біздің негізгі қағидаларымызға сәйкес, ядролық қаруға тыйым салынған. Бірақ егер келісімнің мақсаты Иранды ядролық құқықтарынан айыру болса, біз оған келіпейміз, – деп шегелеп айтқан Арагчи шетелдік елшілермен кездесуінде.
Бұған дейін Израиль Иранның мәлімдемесіне күмәнмен қарайтынын хабарласақ, Израильдің энергетика министрі Эли Коэннің "Израильде бүлінген әрбір ғимарат үшін Иранда 100 ғимаратты қиратамыз" деп мәлімдегенін де жазған едік.