Абай облысында Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясының көшпелі отырысы өтті, деп хабарлайды 24kz.
Аймақтың ғылыми-инновациялық әлеуеті мен тұрақты даму жолдары талқыланған ауқымды жиынға еліміздің жетекші ғалымдары, министрлік өкілдері мен өңір басшылығы қатысты. Жиын барысында өңірлік ғылымды дамыту, инновациялық жобаларды қолдау және аймақтың ресурстық мүмкіндіктерін тиімді пайдалану мәселелері көтерілді.
Бұған дейін еліміздің 7 өңірінде ұйымдастырылған Академия Президиумының көшпелі отырысы Абай облысында алғаш рет өтті. Жиын кезінде Курчатов қаласы экологиялық мәселелерді, ядролық-физика, энергетика салаларындағы ғылыми зерттеулерді жүргізуге ең қолайлы орын екені айтылды.
Эрлан Батырбеков, Ұлттық ядролық орталығының директоры:
- Курчатов қаласы – атом электр станциясын салуға әлеуеті жоғары өңірлердің бірі. Біз бұл қаланы атом энергетикасы саласындағы ғылыми орталық ғылым қалашығына айналдыруымыз қажет деп ойлаймын.
Мал шаруашылығы мен агроөнеркәсіп – өңірдің басты экономикалық бағыттарының бірі. «Жергілікті жайылымдық алқаптарды тиімді игеріп, ветеринария саласына цифрлық платформаларды енгізу арқылы сапалы өнім экспорттауға толық мүмкіндік бар», — дейді ғалымдар.
Амангелді Саданов, Микробиология және вирусология ғылыми-өндірістік орталығының бас директоры:
- Біздің ел басқа елге алаңдамай өз мәселесін өзі шешуі керек. Ол үшін ғылым өндірістің алдында жүруі керек. Кез келген ғылымның нәтижесі өндіріске еніп, экономикаға пайдасы тимеген ғылым – ол жай ғана ғылым.
Көшпелі отырыс соңында Абай облысының әкімдігі мен Ұлттық ғылым академиясы бірлескен іс-қимыл жоспарына қол қойды. Сонымен қатар атом энергетикасы саласындағы даму бойынша Үкіметке арнайы талдамалық ұсыныс жолданатын болды.
Берік Уәли, Абай облысының әкімі:
- Болашақтың кілті білім мен ғылымды меңгерген жастардың қолында. Дана Абайдың «Ғылым таппай мақтанба» деген өсиетін ұстанып, елдік мұрат жолында бірлесе еңбек етсек өркениет көшінен қалмайтынымыз анық.
Жиын аясында Қазақстан-Қытай ғылыми және технологиялық трансфер орталығы қызметінің мүмкіндіктері таныстырылды.
Авторлары: Рүстем Қайратұлы, Берік Жобалайұлы