Kazakh Tourism Шығыс Қазақстан облысының Қатонқарағай ауданында туризмді тұрақты дамыту жоспарын әзірлеуде, деп хабарлайды El.kz интернет порталы .
Онда жаппай туризмнен экологиялық жауапты тәсілге көшуге басты назар аудару ұсынылды. Бұл дестинацияның табиғи бірегейлігін сақтауға, туристік ағымды бақылауға және сапалы туристік өнімді қалыптастыруға жол ашады.
Ұсынылған модель Қатонқарағай ауданында экологиялық саналы және шектеулі туризмді дамытуды көздейді. Бұл туристер санын шектеуді, эксклюзивті туристік өнімдерді әзірлеуді, бұл жерге келудің орташа ұзақтығын 3 күннен екі аптаға дейін арттыруды қамтиды. Қосымша шара ретінде экологиялық алым енгізу қарастырылуда. Одан түскен қаражат табиғатты қорғауға және туристік инфрақұрылымды дамытуға бағытталады. Келешекте Қатонқарағайды «Green destination» халықаралық сертификаты бар экодестинация ретінде қарастыруға болады.
Қатонқарағайды биоалуантүрлілігі мен аумағы бойынша Канададағы Банф және АҚШ-тағы Йеллоустоун сияқты ұлттық саябақтармен салыстыруға болады. Біздің көзқарасымыз Қатонқарағайдағы туризм жаппай болмауы керек. Ол барынша экологиялық болып, табиғатқа ұқыпты қарайтын саналы саяхатшыларға бағытталуы тиіс. Қазір онда жыл сайын 200-300 мың туристті қабылдай алатын инфрақұрылым жоқ және мұны түсіну маңызды. Туристік ағынды шектеу және олардың бұл жерде болу ұзақтығын ұлғайту әлеуметтік-экономикалық және экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз етеді. Бұл инфрақұрылымды жүктемеуге және лимит есебінен туристер ағынын тиімді басқаруға мүмкіндік береді, — деп атап өтті «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Даниел Сержанұлы.
Бутан корольдігіндегі тұрақты туризм моделі сәтті тәжірибе ретінде қарастырылуда. Онда туристер ағынын реттеу жүйесі бар және әрбір келуші туристік жолдаманы елге кірген кезде төлейді. Бұл табиғатқа түсетін жүктемені бақылауды және экожүйелерді сақтауға қаражат бөлуді қамтамасыз етеді.