Шәкірттері Азия чемпионатынан 22 алтын медаль жеңіп алғаннан соң спортсүйер қауымның ықыласы Олимпиада жеңімпазына қатты ауды.
Осы күні жастар құрамасын жаттықтыратын Бақыт Сәрсекбаевтың ұлттық құраманы толық тізгіндей алатынына көп адам сенімді, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Десе де, оның жастарды тәрбиелей бергені де дұрыс секілді. Өйткені, 2-3 жылда чемпионның мектебінен өткен жігіттер шаршы алаңда атой салары анық.
Бірақ, Парламент Мәжілісінің депутаты Данияр Қасқарауов "Бақыт Сәрсекбаев қазір-ақ ұлттық құрама тізгінін қолға алуы керек" деп есептейді.
– Бақыт Сәрсекбаев Бейжің Олимпиадасында өнер көрсеткенде, сол жақта мен де болдым. Оның айтқан сөзін бақылап жүремін, ойын нақты жеткізеді, өткір сөйлейді. Қазіргі бапкерлердің де тәжірибесі мол екеніне күмән жоқ, бірақ Бақыттың көзінде от бар. Өз ісіне берілген жан екенін көреміз. Жарысты да көрдім, энергиясы мен ықыласы мол. Бірақ соңғы шешімді бұл мамандар айтатын шығар, – деді ол.
Айта кетейік, 2025 жылы Коломбодағы (Шри-Ланка) Азия чемпионатында ел жастары 22 алтын еншілеп, командалық есепте көш ілгері саналды.