12 маусым күні Қызылорда облысының дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының басшысы Бақтияр Артаев каратэден қазақтан шыққан тұңғыш әлем чемпионы Мөлдір Жаңбырбайды қабылдады.
Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы басқарманың баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Басқарманың әлеуметтік желідегі ресми парақшасында кездесу барысында Бақтияр Артаевтың спортшыға алдағы жарыстарға сәттілік тілеп, арнайы сыйақы табыстағаны туралы ақпарат жарияланған. Жазбадағы фотодан спортшыға 700 мың, ал бапкеріне 300 мың теңгелік сертификат табысталғанын байқауға болады.
Осы ретте спорт журналисі Ақарыс Сейітқазы спортшыға табысталған сыйақы мөлшерін қатаң сынға алды. Ол желідегі парақшасында әлемдік ареналарда ел намысын абыроймен қорғап жүрген Мөлдір Жаңбырбайға лайықты құрмет көрсетілмегенін тілге тиек етті.
«Биыл каратэден әлемнің үздік спортшысы атағын, яғни, беделді Grand Winner сыйлығын екінші рет алған Мөлдір Жаңбырбайға Қызылорда облысы Қызылорда облысы әкімдігі 1 миллион теңге сыйақыны қимады-ау. Демеушілер көп қой, келісіп, 1 млн берсеңіздер болады ғой. Каратэден биылғы маусымда ең көп медаль берген спортшыны бір дұрыстап сыйлай алмадыңыздар, Қызылорда облысының дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы!
Бұған дейін әлем чемпионы болғанда 300 мың теңгемен қайтарып едіңіздер. Олимпиада чемпионы Бақтир Артаев басшы боп барған соң, осы спортшы қыз жақсы марапат ала ма деп едім. 700 мың теңге беріп, шығарып салғандарыңыз ұят бопты! Анау 300 мың теңгені бапкеріне бөліп бердіңіздер-ау… Алдыңғы 300 мың теңгеден жақсы деп ойлаған шығар басшылық.
Қызылорданың ғана емес, бүкіл Қазақстан абыройын қорғап жүрген қаршадай қыз 700 мыңға мұқтаж емес. Жағдайы шүкір! Бірақ, дәл осылай там-тұмдап тиын ұстатқаны ұят екен ше… Осы маусымда опырып медаль әкелген спортшыларыңыз көп те емес қой. Келер жылы Азия ойындары бар. Сол бәсекеде бізге біраз медальді осы каратэшілер әкеледі. Олимпиадалық спорт түрі болмағасын, көп еленбей жүр. Мөлдір Жаңбырбай осы спорт түрінен әлем чемпионы атанған тұңғыш қазақ! Әлем чемпионы болса да, үкімет “Еңбек сіңірген спорт шебері” деген атақты қимай отыр. Бір жақсылап сыйлағанда ғой….», — деп жазды журналист.
Бақтияр Артаев өзін сынаған журналистің жазбасына пікір қалдырып, жауап берді.
«Құрметті БАҚ өкілдері, сіздерден сұранарым, елді кері ойға жетелемей, нақты айту керек. Бүгінгі қабылдау алдағы болатын байрақты бәсекелерге сәттілік тілеп, алар асуы көп болсын деген оймен ғана болды. Ал ресми старттан чемпион болса марапат міндетті түрде абыройлы болады. Жарайды, сіздер түсіну үшін ашық айтайын, сіз айтқан жарыстын біреуіне ақшалай сыйақы мемлекеттен зан аясында бектілмеген. Берілген дүние адам іздеп, олардан сұрап, өтініш білдіріп жасалып жатқан дүние. Егер менен артык керемет қылам десеніз, сіздерге орнымды босатып берейін. Жеңіспен оралсын, жақсы демеушілер тауып жақсы күтіп аламыз. Сол күнде жүздесейік», — деп жазды ол.

