Парламент Мәжілісінде 8 наурыз мерекесіне орай салтанатты жиын өтті. Палата спикері нәзік жандарды құттықтап, жылы лебізін білдірді.
Бүгінде Мәжілісте 18 әйел депутат бар. Ерлан Қошанов олардың мемлекет игілігі жолындағы ерен еңбегі мен заң шығару ісіне қосқан мол үлесін атап өтті. Жаңа құрамның жасақталғанына 2 жылға жуықтады. Ал Парламентке Мемлекет басшысы мен халықтың артып отырған сенімі мол. «Президенттің тапсырмаларын, азаматтардың талап-тілегі мен мұң-мұқтажын сіздер абыроймен атқарып келесіздер. Сол үшін шексіз алғыс айтамын», — деді Палата спикері. Көктем мерекесіне орай бірнеше депутат марапатқа ие болды.
Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы:
- Жаңа ғана Айгүл Құспан Мемлекет басшысының қолынан «Парасат» орденін алды. Тағы бір мәртебелі марапатты Президентіміз маған табыстауды тапсырды. Депутат Ажар Сағындықова «Құрмет» орденімен марапатталды. Бұл марапат Мемлекет басшысының Мәжілістегі арулардың бәріне берген жоғары бағасы деп білемін.