Канадада 15-17 маусым аралығында өтетін G7 саммитінде дәстүрлі бірлескен қорытынды коммюнике қабылданбайды.
Бұл туралы Bloomberg агенттігі хабарлады, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Коммюникеден бас тарту шешімі – G7 елдері арасындағы бірқатар өзекті мәселелер бойынша келіспеушіліктердің салдары. Әсіресе, Украинадағы соғысқа байланысты саясат, климаттың өзгеруіне қарсы күрес және басқа да халықаралық мәселелер бойынша ортақ тоқтамға келу қиын.
Bloomberg мәліметінше, G7 елдері оның орнына әртүрлі тақырыпта бөлек бірлескен мәлімдемелер жариялауды жоспарлап отыр. Мұндай формат Канада үшін қолайлы. Канаданың премьер-министрі Марк Карни АҚШ президенті Дональд Трамппен шиеленісті болдырмай, екіжақты сауда мен қауіпсіздік салаларындағы келіссөздерді дамытуға мүдделі.
Сонымен қатар, саммит алдында Еуропалық одақтың Ресейге қарсы жаңа санкциялар пакеті әлі толық келісілмеген.
Бұған дейін АҚШ сенаторы Линдси Грэм саммитке дейін жаңа санкцияларды қабылдауға шақырған болаты. Алайда еуропалық дипломаттар бұл бастамаға сақтықпен қарап асығар емес. Айта кетейік, G7 саммитінің шешімдері жаһандық экономика мен саясатқа тікелей ықпал етеді.