Қазақстанда ипотека шарттары жеңілдейді

Жаңалықтар

Елде келер аптадан бастап ипотеканың шекті пайыздық мөлшерлемесі 20%-ке дейін төмендейді, деп хабарлайды 24kz.

Бұған қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен Ұлттық банктің бірлескен қаулысы негіз болды.

Елде ипотекалық қарыздар бойынша ең жоғары мөлшерлеме қайта қаралды. Енді жылдық мөлшерлеме 20%-тен аспауы тиіс. Бұрын бұл шек 25%-ті құраған. Мамандар жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесіне пайыз ғана емес, комиссия, сақтандыру және өзге де төлемдер кіретінін ескертті. Ал жаңа талап артық төлем сомасының азаюына және ай сайынғы төлемдердің төмендеуіне себеп болады. Ең бастысы, ипотекалық тұрғын үй несиелері қолжетімді бола түседі.

Бауыржан Ысқақ, экономист:

- Елде ипотекалық несиелеу көрсеткіші төмендеді. Биылғы жылдың алғашқы үш айында ипотекалық несиелердің көлемі 390 миллиард теңгені құрады. Былтырғы сәйкес кезеңде қазақстандықтар 413 миллиард теңгеге ипотека алған. «Енді ипотека мөлшерлемесі төмендесе, баспананы несиеге алатындар қатары көбейеді», — дейді мамандар.

Олжас Рамазанов, ҚР ҚНРДА Сыртқы коммуникациялар басқармасының басшысы — баспасөз хатшысы:

- Егер сыйақы мөлшерлемесінің белгіленген шекті көлемі бұзылған болса, тұтынушы өз құқықтарын қорғау мақсатында реттеуші органға, агенттікке жүгіне алады. Реттеуші нұсқамасына сәйкес банк қарыз шартын қолданыстағы заңнамаға сәйкес келтіруге міндетті. Егер банк реттеушінің нұсқамасын орындамаса, қадағалау шаралары қолданылып, айыппұл салуға дейінгі санкциялар қарастырылған. Сонымен қатар егер мұндай жағдай орын алатын болса, жасалған қарыз шарты жарамсыз деп танылуы мүмкін.

Талап 16 маусымнан бастап күшіне енеді. Тиісті шешімді Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен Ұлттық банк бірлесіп қабылдады. Жаңа шектеу тек ипотекаға қатысты. Қалған несиелер үшін бұрынғы мөлшерлемелер сақталады.

Авторы: Әлишер Әли