«1380 теңгеге той көру»: Сәкен Майғазиев бұл идеяның авторы кім екенін айтты

Жаңалықтар

Белгілі әнші, «МузАРТ» тобының солисі Сәкен Майғазиев ұлы Әділет пен келіні Әдияның үйлену тойын онлайн форматта, тікелей эфир арқылы өткізетінін мәлімдеген болатын. Ерекше форматтағы бұл той әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Эфирге қатысу ақылы екенін айтқанбыз, құны — 1380 теңге. Бұл сома түсірілім тобының жұмысы, сервер шығындары мен техникалық рұқсаттар сияқты ұйымдастыру шығындарын жабу үшін жұмсалады. Сәкен Майғазиев бұл қаржы өз отбасының жеке табысына бағытталмайтынын арнайы атап өтті.

Көрермен үшін жабық Telegram-арна ашылып, оған тіркелген азаматтар аты-жөні мен байланыс нөмірін қалдыру арқылы арнайы сілтеме алады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, идеяның басты мақсаты — тойға келе алмайтын туыстар мен достарға, сондай-ақ барлық қазақстандықтарға ұлттық дәстүр мен қуанышты цифрлық түрде бөлісу мүмкіндігін ұсыну.

Сәкен Майғазиев бұл жобаның авторы әрі бастамашысы Мейрамбек Беспаев екенін айтып, әріптесінің шығармашылық жаңашылдығына жоғары баға берді. Оның айтуынша, онлайн формат арқылы тойды бүкіл елмен бөлісу — халыққа деген шынайы құрмет пен сый.

Бұл тойды қазақ халқы көруі керек. Бұл – тек бізге емес, әлемге де таныс тәжірибе. Кейбір елдерде адамдар тікелей эфирде сұхбаттарын сатады. Ендеше, неге өзіңнің тойыңды күллі қазақпен бірге атап өтпеске? – деген пікір білдірді Сәкен Майғазиев.

Той бүгін сағат 17:00-де басталады. Арнайы сілтеме арқылы тіркелген көрермен тойды онлайн форматта тікелей эфирден тамашалай алады. Әзірге 115 мың адамның той көруге тіркелуі мүмкін деген дерек бар.